Әнші Джей Лоны күзетші танымай, дүкенге кіргізбей қойған
Әлемге әйгілі америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес Стамбұлдағы Istinye Park сауда орталығында жүргенде күтпеген жағдайға тап болды: Chanel дүкеніне кіруіне рұқсат берілмеген. Бұл туралы бүгін түрік басылымдары хабарлады.
Оқиға әншінің Стамбұлдағы концертіне бір күн қалғанда орын алған. Ол люкс бутиктер орналасқан сауда орталығын аралап жүрген сәтінде, Chanel дүкеніне кірмек болған. Алайда дүкеннің күзетшісі оны ішке жібермей, «бутик ішінде адамдар көп» деп түсіндірген.
Жергілікті Türkiye Today басылымының мәліметінше, Джей Ло бұл жағдайды сабырмен қабылдап: «Жақсы, ештеңе етпейді» деген сөзбен ешқандай наразылық білдірмей, оқиға орнынан кетіп қалған.
Кейбір түрік ақпарат көздері күзет қызметкерлері әншіні бастапқыда танымағанын алға тартады. Кейінірек дүкен қызметкерлері Лопесті ішке шақырғанымен, ол бұл ұсыныстан бас тартқан. Бұл туралы Patronlar Dünyasıіскерлік сайты жазды.
Chanel бутигінде орын алған оқиғаға қарамастан, Дженнифер Лопес Istinye Park-тағы көрші сән дүкендерінде шамамен үш сағат өткізіп, ондаған мың долларлық сауда жасағаны айтылуда.
Бүгін кешке Лопестің Up All Night: Live in 2025 әлемдік турнесі аясындағы Стамбұлдағы концерті өтеді. Шараға 187 адамнан тұратын техникалық топ дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сахнада 800 жарық құрылғысы, 184 дауыс зорайтқыш және 20 000 пиксельдік алып LED-экран орнатылған.
Сонымен қатар, концерттің жоғары деңгейде өтуіне 1500 адамнан тұратын ұйымдастыру штабы жұмылдырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, концертке Түркияның түкпір-түкпірінен және көрші елдерден көрермендер жиналады деп күтілуде. Билеттердің басым бөлігі сатылып кеткен.