logo
search
menu
АҚШ Газаны өз бақылауына алу үшін Израильді пайдаланды ма?
ФОТО: EVAN VUCCI | COPYRIGHT 2025 THE ASSOCIATED PRESS. ALL RIGHTS RESERVED

АҚШ Газаны өз бақылауына алу үшін Израильді пайдаланды ма?

АҚШ әкімшілігі соңғы апталарда күтпеген қадамға барды: Газа секторында уақытша халықаралық басқару органын құруды ұсынды. Бұл құрылымға «Газа халықаралық өтпелі әкімшілігі» (GITA) деген атау берілді. Жоба авторлары оны Косово мен Шығыс Тимордағы тәжірибелерге сүйеніп жасағанын айтады.

Жоспар бойынша GITA қауіпсіздікті, гуманитарлық көмекті, заң шығару мен инфрақұрылымдық қалпына келтіруді қадағалайды. Екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімде тұрақтылық орнаған соң, билік жаңа палестиндік әкімшілікке тапсырылады. Бірақ басты шарт – билік ешқашан ХАМАС-тың қолына қайта өтпеуі.

Бұл – Трамп командасының «туристік оазис» идеясы мен БҰҰ Нью-Йорк декларациясының арасындағы ымыралы шешім іспетті.

Блэрдің рөлі

GITA басшылығына британдық экс-премьер Тони Блэр ұсынылды. Ол үшін бұл аймақ бейтаныс емес. 2007 жылы Блэр Таяу Шығыс бойынша халықаралық «квартеттің» арнайы өкілі болып тағайындалған. Алайда небәрі 12 күннен кейін Газаны ХАМАС күшпен басып алды.

2015 жылы ол өкілеттігін тоқтатты. «Квартет» бұл кезде қауқарсыз ұйымға айналып, беделін жоғалтқан еді. Блэрдің жергілікті билікпен қарым-қатынасы да шиеленісті. Палестиндік әкімшілік оны Израильмен шектен тыс жақындығы үшін нон-грата жариялауға шақ қалған.

Бүгінде де экс-премьердің Израиль саясаткерлерімен байланысы үзілген жоқ. Ол Израильдің стратегиялық істер министрі Рон Дермермен достық қарым-қатынаста.

Даулы жоспарлар

Блэр басқаратын «Tony Blair Institute» атышулы «Ұлы сенім» (Great Trust) жобасымен байланыстырылды. Бұл жобаға сәйкес, Газаның едәуір бөлігін палестиндіктерден «ерікті түрде» босату, қалғандарын күштеп көшіру ұсынылған. Оның орнына инвестициялық орталық салу көзделген.

Жоба сынға ұшырап, халықаралық деңгейде «этникалық тазалау» жоспары ретінде айыпталды. Сонымен қатар оған қатысы бар қайырымдылық қорлар да палестиндіктердің қаза болуына және мыңдаған адамның жарақат алуына әкелген.

Палестин автономиясы басшысы Махмуд Аббас ХАМАС-ты Газадан ығыстыруға келіссе де, британдық саясаткердің аймақты басқаруына күдікпен қарайды. Себебі тарих та сабақ: 1917 жылы британ әскері Газаны жаулап алып, 30 жылға жуық басқарған. Көптеген палестиналықтар дәл осындай «уақытша бақылаудың» қайтадан отаршылдыққа айналып кетуінен қауіптенеді.

Халықаралық реакция

Батыс елдері бұл идеяны шартты түрде қолдап отыр. Бірақ негізгі талап – нақты жол картасы арқылы палестиндік мемлекеттілікке апаратын кепіл болуы. Әйтпесе GITA-ның өзі жаңа формадағы оккупацияға айналуы мүмкін.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху бұл жоспарға ресми түрде қолдау білдірмегенімен, дипломатиялық дереккөздер оның «концепцияны конструктивті талқылауға дайын» екенін айтады. Ал түпкі шешім алдағы кездесулерде анықталмақ.