40 ресейлік Ақтауға қонған ұшақтан шықпай қойған
Стамбұл–Ақтөбе бағытындағы Pegasus Airlines рейсі төңірегінде түсініксіз жағдай туындады. Ресейлік Baza Telegram-паблигінің хабарлауынша, сегіз сағат кешіккен ұшақ жоспарланған уақыттан ұзақ ұшқаннан кейін Ақтөбеге емес, Ақтауға қонған.
Жолаушылардың айтуынша, қону орны да күдік тудырған: кейбірі ұшақ “аэропортқа емес, далаға жақын маңға қонды” деп сипаттады. Экипаж рейс аяқталғанын айтып, салонды босатуды сұраған.
Қазақстан азаматтарының көбі жерге түсіп, ары қарай жолын өз бетінше жалғастырған. Ал шамамен 40 ресейлік жолаушы, арасында балалар бар, ұшақтан шықпай қойған. Олар миграциялық мәселелерден қорқатынын және ары қарай не істеу керектігін білмейтінін айтқан.
Алайда бұл ақпаратты Маңғыстау облысының әкімдігі басқаша түсіндірді. HALYQSTAN тілшісіне берген мәліметте, Ақтау халықаралық әуежайы рейстің Ақтөбедегі қолайсыз ауа райына байланысты бағыт өзгерткенін, ұшақтың Ақтауға штаттық режимде қонғанын хабарлады.
Әуежай өкілдерінің айтуынша, жолаушыларға қонақүй мен Ақтөбеге дейінгі қосымша жол жүру мүмкіндігі ұсынылған.
«Қазір әуе кемесінде 16 жолаушы қалып отыр. Олар борттан шығудан бас тартуда», – делінген әкімдік берген ақпаратта.
Pegasus Airlines оларға ертеңгі Ақтау–Ақтөбе аралығындағы ең жақын рейске билеттер рәсімдеп жатыр. Құжаттау аяқталған соң, жолаушылар ұшақтан шығуға міндетті болады