Жерге айырбас жасалған саясат: Трамптың қауіпті формуласы
АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей президенті Владимир Путинге Украина аумағындағы басып алынған жерлерді де-факто мойындауды ұсынуы халықаралық саясаттағы ең даулы тақырыптардың біріне айналды. Ресми түрде «бейбіт келісімге жетудің жолы» ретінде ұсынылып отырған бұл идея шын мәнінде халықаралық құқықтың іргелі қағидаларына қарсы келе ме, әлде ұзаққа созылған соғысты тоқтатудың жалғыз тетігі ме – бұл сұраққа жауап біржақты емес.
Ресей Украинадағы соғысты басталғалы бері басып алған аумақтарды халықаралық деңгейде мойындатуға ұмтылып келеді. Кремль үшін мәселе тек әскери бақылауда емес, оны заңды статусқа айналдыруда. Ал Трамп командасы ұсынып отырған нұсқа – осы талаптың жұмсартылған түрі. Яғни, аннексияны заңды түрде тану емес, шын мәніндегі бақылауды мойындау.
Америкалық тараптың қараша айында жарияланған бейбіт жоспарында Қырым, Донецк пен Луганск облыстарын Ресей бақылауындағы аумақ ретінде де-факто мойындау, ал Херсон мен Запорожье өңірлерінде майдан шебін «қатырып қою» ұсынылған. Бұл формула сырт көзге дипломатиялық ымыра секілді көрінуі мүмкін. Бірақ оның ішкі қайшылығы аз емес. Бір жағынан, бүкіл Донецк облысы Ресейге тиесілі деп мойындалуы керек, екінші жағынан сол аумақтың бір бөлігінде «бейтарап буферлік аймақ» құру жоспарланған. Мұндай сәйкессіздіктер жоспардың саяси сауданың нәтижесінде туғанын аңғартады.
Халықаралық құқықта де-факто мойындау көбіне жаңа пайда болған мемлекеттерге қатысты қолданылады. Мемлекет бар екенін іс жүзінде мойындау, бірақ оны заңды субъект ретінде танудан бас тарту – дипломатиядағы ескі тәсіл. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында АҚШ Кеңес Одағын ресми мойындамаса да, экономикалық және өндірістік байланыстар орнатқаны соның айқын мысалы. Алайда бір мемлекеттің басқа мемлекеттің жерін күшпен басып алуын де-факто мойындау – мүлде бөлек жағдай.
Халықаралық құқық мамандары мұндай сценарийдің қауіпті екенін ашық айтады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы күш қолдану арқылы алынған аумақтарды мойындауға тікелей тыйым салады. Бұл қағида агрессияға жол бермеу үшін енгізілген. Егер ол бұзылса, кез келген мемлекет әскери күш арқылы көршісінің жерін алып, кейін «шындықты мойындаңыздар» деп талап етуге мүмкіндік алады.
АҚШ-тың өзінде де мұндай қадамға құқықтық шектеулер бар. 1932 жылы қабылданған Стимсон доктринасы агрессия нәтижесінде пайда болған аумақтық өзгерістерді мойындауға тыйым салады. Бұған қоса, 2017 жылы АҚШ Конгресі Қырым аннексиясын тануға заң жүзінде шектеу қойған. Осы тұрғыдан алғанда, Трамп ұсынған де-факто мойындау идеясы АҚШ-тың өз құқықтық дәстүрімен де үйлесе бермейді.
Саяси тұрғыдан алғанда, бұл ұсыныс Ресейге берілетін стратегиялық сигнал ретінде қабылдануы мүмкін. АҚШ Украинаға әскери жолмен бұл аумақтарды қайтаруға көмектеспейтінін тұспалдап отыр. Мұндай ишара Мәскеудің ұстанымын күшейтіп қана қоймай, басқа елдерге де үлгі болуы ықтимал. Егер Вашингтон осындай қадамға барса, оны кейбір еуропалық немесе бейтарап мемлекеттер қайталауы ғажап емес.
Бірақ ең ауыр салмақ қарапайым адамдардың иығына түсуі мүмкін. Оккупацияланған аумақтарда миллиондаған адам туған жерінен айырылды, мүлкі тәркіленді, туыстарынан ажырады. Де-факто мойындау бұл адамдардың құқықтық жағдайын жақсартпайды. Керісінше, белгісіз статус ұзаққа созылса, санкциялар, визалық шектеулер, халықаралық компаниялардың кетуі сияқты мәселелер күшейе түсуі мүмкін. Бұған дейін Қырым тұрғындары ресейлік паспортпен шетелге шығуда қиындық көргені белгілі.
Трамптың ұсынысы қысқа мерзімде соғысты тоқтатудың амалы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада бұл халықаралық тәртіпке соққы болып тиюі ықтимал. Құқықтың орнын күш басса, бейбітшілік емес, уақытша тыныштық орнайды. Ал мұндай тыныштық кез келген сәтте жаңа қақтығыстың алғышартына айналуы мүмкін.
Украина үшін бұл ұсыныс моральдық әрі құқықтық тұрғыдан ауыр. Ал әлем үшін – қауіпті прецедент. Бүгін де-факто мойындалған оккупация ертең халықаралық жүйені түбегейлі өзгертетін ереже болып кетуі ғажап емес.