Жоғалған отбасы: Атырау облысындағы іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр
Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы өңірлік Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметтерге байланысты ресми түсініктеме берді.
ТЖД өкілдерінің айтуынша, іздестіру шаралары мүлде тоқтатылмаған. Тек құзырлы органдар алдын ала анықтаған нақты аумақтарда жұмыстар аяқталған. Ал қосымша деректер немесе жаңа ақпарат түскен жағдайда, іздеу қайта жалғасады.
Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Ратбек Демеуберген жеке құрам қазіргі уақытта толық дайындық режимінде отырғанын атап өтті.
"Іздестіру тоқтаған жоқ. Бұған дейін полиция департаментінен алынған мәліметтерге сәйкес нақты аумақтар белгіленіп, сол жерлерде іздеу жүргізілді. Ол аумақтар толық тексерілді. Егер жаңа дерек пайда болса, соған сай тиісті шаралар қабылданады. Сондықтан "іздеу тоқтатылды" деген ақпарат шындыққа жанаспайды", – деді ол.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 3-6 қаңтар аралығында Жангелдин ауылындағы жоғалғандардың тұрғын үйі, елді мекен маңы және су айдындары жан-жақты тексерілген. Сонымен қатар іздестіру жұмыстарына қызметтік иттер де тартылған.
Еске салайық, Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түзсіз жоғалып кеткен. Кейін 66 және 62 жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған. Ал олардың балалары – Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина әлі күнге дейін табылған жоқ.
Аталған іс бойынша күдікті ретінде үйдің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке халықаралық іздеу жарияланған. Сондай-ақ жоғалған отбасының кенже қызы Ақбаян да халықаралық деңгейде іздестіріліп жатыр.