Түркия компаниялары Қазақстаннан кетіп жатыр
Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық байланыстар жаңа кезеңге өтті. Түркия капиталы бар компаниялар саны азайғанымен, екі ел арасындағы сауда айналымы керісінше өсім көрсетіп отыр.
2026 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сәйкес, Қазақстанда түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындар саны бір жыл ішінде 7,5 пайызға қысқарып, 3,7 мыңға жетті. Бұл компаниялардың басым бөлігі құрылыс саласында (871 кәсіпорын, -10,3%), саудада (878, -3,7%) және өңдеу өнеркәсібінде (287, -5,6%) шоғырланған.
Инвестициялық бағытта да өзгеріс байқалады. Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Түркиядан Қазақстан экономикасына тартылған қаржы көлемі 191 млн долларды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге аз.
Алайда қазақстандық инвесторлар Түркияға бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы құйды – 1 млрд доллар. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 31,7 есе жоғары.
Сауда көрсеткіштері оң динамика танытып отыр. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 8,7 пайызға өсіп, 5,4 млрд долларға жетті.
Қазақстаннан Түркияға экспорт көлемі айтарлықтай артқан. Жүк көлемі 40,2 пайызға өсіп, 5,6 млн тоннаға жетсе, ақшалай мәнде 17,6 пайызға ұлғайып, 3,9 млрд долларды құрады.
Әсіресе, бұршақ тұқымдас дақылдар экспорты айтарлықтай көбейді. Жасымық, асбұршақ және ноқат жеткізу көлемі 2,4 есеге өсіп, 395 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар Түркия Қазақстаннан сатып алатын мұнай көлемін 39 пайызға арттырып, 3,2 млн тоннаға жеткізді. Пропилен полимерлері 2,6 есеге (89,8 мың тонна), мыс 16,6 пайызға (182,3 мың тонна) көбейді.
Сондай-ақ аэронавигациялық құрылғылар (48 дана, 4,3 есеге өсім), ұшақтар (2 дана), мақта талшығы (11,5 мың тонна) да экспорт құрылымында көрініс тапты.
Импорт бағытында керісінше төмендеу бар. Түркиядан Қазақстанға әкелінетін тауар көлемі 4,4 пайызға азайып, 298,1 мың тоннаны құрады. Ақшалай мәнде 9 пайызға қысқарып, 1,5 млрд доллар болды.
Киім-кешек импорты 1,5 есеге қысқарса (10,8 мың тонна), кілемдер 9,4 пайызға азайған (6,9 млн шаршы метр). Шоколад жеткізу көлемі де 1 пайызға төмендеп, 6,3 мың тоннаны құрады.
Дегенмен кейбір санаттар бойынша өсім байқалады. Фармацевтикалық өнімдер импорты 38,2 пайызға артты (2 мың тонна), синтетикалық маталар 28,5 пайызға (97,6 млн шаршы метр), тоңазытқыштар 38,4 пайызға (24,1 мың дана) көбейді. Инкубациялық тауық жұмыртқасын жеткізу 9,2 пайызға өсіп, 59,9 млн данаға жетті.
Көші-қон көрсеткіштері де өзгеріске ұшыраған. 2025 жылдың тоғыз айында Түркиядан Қазақстанға тұрақты тұруға 173 адам көшіп келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есе аз. Олар негізінен Алматы қаласы мен облысында және Қарағанды өңірінде қоныстанған.
Ал Қазақстаннан Түркияға 27 адам тұрақты өмір сүруге кеткен. Бұл көрсеткіш 22,7 пайызға жоғары. Көбі Алматы, Астана және Алматы облысынан көшкен.
Осылайша, компаниялар саны азайып, инвестиция көлемі төмендегенімен, сауда байланысы нығайып келеді. Экспорт құрылымы шикізат пен агроөнімдерге тәуелді болып отырғанымен, фармацевтика мен өндірістік тауарлар импортының өсуі екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің сипаты өзгеріп жатқанын аңғартады.