100 млн тонна мұнай өндіретін ел неге жанармайға мұқтаж?
Мұнай өндіруші ел саналатын Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев импорттық отынға тәуелділікке тоқталып, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды жеделдетуді және төртінші зауыт салу жөнінде нақты шешім қабылдауды тапсырды. LS бұл жағдайды PACE Analytics компаниясының директоры, сарапшы Асқар Исмаиловпен талқылады.
Сарапшының айтуынша, мәселе шикізат жетіспеушілігінде емес. Қазақстан жылына шамамен 100 млн тонна мұнай өндіреді, ал өңдеу көлемі 18 млн тонна төңірегінде. Яғни қағаз жүзінде «еркін мұнай» бар. Алайда ішкі өңдеу қуаты мен сұраныс қарқыны бір-біріне сай келмейді.
Елдегі үш ірі мұнай өңдеу зауыты шекті жүктемеге жақын жұмыс істейді. Сондықтан жоспарлы жөндеу немесе техникалық ақау орын алса, нарықта бірден қысқа мерзімді тапшылық пайда болады. Өндіріс құрылымының өзі де теңгерімсіз: көбіне дизель отыны мен авиациялық керосин жетіспейді.
Бұған қоса, маусымдық тұтыну шарықтауы, аймақтық логистика ерекшеліктері және ішкі нарықтағы теңгерімсіздік жағдайды ушықтырады. Сұраныс отандық өндірістің мүмкіндігінен жылдам өсіп келеді.
Шикізат базасы да маңызды фактор. Үш негізгі зауыт негізінен жетілген, өндіру көлемі бірнеше жыл бойы төмендеп келе жатқан кен орындарынан мұнай алады. Бұл үрдіс алдағы уақытта да сақталуы ықтимал.
Мәселен, Қызылорда облысында соңғы он жылда мұнай өндіру көлемі төрт есеге азайған. Сондықтан саланы жүйелі реформалау қажет, дейді сарапшы.
Теориялық тұрғыдан қосымша шикізат көзі ретінде Теңіз бен Қашаған кен орындарын атауға болады. Алайда олардың мұнайын қазіргі зауыттарға беру үшін өзге кен орындарының шикізатымен араластыру қажет. Бұл техникалық және технологиялық шектеулерге байланысты мәселені толық шешпейді. Сондықтан жаңа, төртінші мұнай өңдеу зауытын салу стратегиялық міндетке айналып отыр. Ол бірден Теңіз бен Қашағаннан жеткізілетін шикізатқа бейімделіп жобалануы тиіс.
Өнеркәсіптік ауқымдағы, терең өңдеу жүргізетін және Euro-5 стандартына сай дизель мен Jet A-1 өндіретін жаңа зауыттың құны шамамен 10–12 млрд доллар болуы мүмкін. Инвестиция көлемі қуаттылыққа, өңдеу тереңдігіне және қажетті инфрақұрылымға (құбырлар, резервуарлар, энергиямен қамту) байланысты өзгереді.
Сарапшының бағалауынша, жанар-жағармай тапшылығы толқын тәрізді сипатқа ие. Тыныш кезеңдерде ол айтарлықтай байқалмайды. Ал егіс науқаны, жинау жұмыстары, тасымал көлемінің өсуі немесе зауыттардың жөндеуі кезінде өткір сезіледі. Қолжетімді мәліметтерге сүйенсек, АИ-92 бензині бойынша шамамен 70 мың тонна, дизель отыны бойынша 400 мың тонна, авиаотын бойынша 200 мың тонна көлемінде тапшылық бар.
Қысқа мерзімді шешімдер ретінде жөндеу жұмыстарын маусымдық шарықтау кезеңінен тыс уақытта жүргізу, қор көлемін арттыру, шекті кезеңдерде нүктелі импорт жасау және өңірлік логистиканы теңестіру ұсынылады. Бұл күтпеген тапшылық тәуекелін азайтады.
Алайда жаңа зауыт салу ұзақ процесс: жобалау, қаржыландыру, құрылыс, іске қосу кезеңдері уақыт алады. Сондықтан ол жедел шараларды алмастырмайды, керісінше стратегиялық тұрғыда мәселені жабуға бағытталған.
Осы аралықта Қазақстан мұнайын Қытай зауыттарында өңдету (толлинг) мүмкіндігін қарастыруға болады. Бұл жаңа өндіріс іске қосылғанға дейін тапшылықты уақытша өтеуге мүмкіндік береді. Себебі Еуроодақтың Ресейге қатысты санкциялық пакеттері күшейген жағдайда, көрші елден импорттау қиындауы ықтимал.