"Қайырлы түн" деген соң байланыс үзілді: 227 жолаушысы бар ұшақтың жұмбағы әлі ашылған жоқ
2014 жылдың 8 наурызы әлемдік авиация тарихында ең жұмбақ оқиғалардың бірі ретінде қалды. Сол күні Malaysia Airlines әуе компаниясына тиесілі Boeing 777–200ER ұшағы Куала-Лумпурдан Бейжіңге бағыт алған рейс кезінде кенеттен радардан жоғалып кеткен.
Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен 40 минут өткен соң Оңтүстік Қытай теңізі үстінде байланыс үзілген. Бортта 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған. Алайда осы уақытқа дейін апаттың нақты қай жерде болғаны және ұшақтың не себепті жоғалғаны анықталмай отыр.
Hibiny басылымының мәліметінше, байланыс үзілгеннен кейін лайнер тағы жеті сағатқа жуық ұшуды жалғастырған болуы мүмкін. Әскери радар деректері ұшақтың бағытынан күрт ауытқып, Малакка бұғазын кесіп өтіп, Үнді мұхитының оңтүстігіне қарай бет алғанын көрсеткен. Соңғы рет лайнер Никобар аралдары маңында тіркелген.
Кейінірек ұшақтың кейбір бөлшектері Африка жағалауынан табылған. Алайда олардың дәл осы рейске тиесілі екені және апаттың нақты орнымен байланысы толық дәлелденген жоқ.
Ұшақтағы жолаушылар 14 елдің азаматтары болған. Олардың басым бөлігі – Қытай азаматтары. Борттағы жалғыз ресейлік жолаушы Иркутск қаласынан шыққан кәсіпкер Николай Бродский болған.
Тергеу барысында бастапқыда екі жолаушыға ерекше назар аударылған. Олар – 18 жастағы ирандық Пурия Нур Мохаммад Мердад пен 29 жастағы Сейед Мохаммед Реза Делавар. Екеуі де ұрланған төлқұжатпен ұшқандықтан, Интерпол деректер базасында тіркелген. Бірақ кейін тексеру олардың ұшақты басып алу жоспары болмағанын көрсетті. Мердад Германияда тұратын анасына жетіп, саяси баспана сұрауды көздеген.
Тергеу барысында ұшақ командирі 53 жастағы Захари Ахмад Шахқа да назар аударылды. 33 жылдық тәжірибесі бар пилоттың жеке өмірінде қиындықтар болғаны айтылды.
Сондай-ақ кейбір болжамдар оқиға екінші пилот – 27 жастағы Фарик Абдул Хамидтің әрекеттерімен байланысты болуы мүмкін деген пікір айтады. Оның кабинаға жолаушыларды жиі шақыратын әдеті болғаны туралы ақпарат та тараған.
Ұшақ жоғалар алдында диспетчерлер естіген соңғы сөз – "Қайырлы түн" болған. Қарапайым ғана естілген осы сөзден кейін лайнер радардан ғайып болып, XXI ғасырдағы авиацияның ең үлкен жұмбақтарының біріне айналды.