Соғыс тоқтай ма? АҚШ пен Иран келіссөз үстеліне жақындады
АҚШ пен делдал елдер – Пәкістан, Мысыр және Түркия – Иранмен жоғары деңгейдегі бейбіт келіссөздерді 26 наурыз, бейсенбі күні өткізу мүмкіндігін талқылап жатыр. Алайда тараптар әлі де Тегеранның ресми жауабын күтуде, деп хабарлайды Израильдің 12-арнасы.
Келіссөздердің ықтимал өтетін орны ретінде Пәкістан астанасы Исламабад қарастырылып отыр.
Ақпарат көздеріне сәйкес, Дональд Трамп соғысты тоқтатуға ниетті. Бірақ Иранның Ормуз бұғазын жабуы жағдайды күрделендіріп, нақты шешім қабылдауға кедергі келтіріп отыр.
АҚШ Израильге 15 тармақтан тұратын соғысты тоқтату жоспарын ұсынып, оны Иранға жеткізген. Америкалық тарап Тегеран бұл ұсыныстардың бірқатарына келісім білдірді деп мәлімдегенімен, бұл ақпараттың нақты дәлелі жоқ.
Сонымен қатар Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ықтимал келісімге алаңдаушылық білдіріп отыр. Оның пікірінше, Трамп қол қоюы мүмкін келісім Израиль мүддесіне толық сай келмеуі мен Иранға бірқатар жеңілдіктер беруі ықтимал.
Ұсынылған жоспарлардың бірі Иранда уранды байытуды толық тоқтатуды қарастырады. АҚШ Иран бұл талапқа уақытша келісім бергенін айтқанымен, оның нақты мерзімі белгісіз.
Ал Иран билігі келіссөздер басталғанын жоққа шығарып отыр. Дегенмен олар АҚШ тарапынан ұсыныстар мен хабарламалар түскенін растаған.
АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер келіссөз арнасын жолға қоюға тырысқаны белгілі. Алайда бұл арнаның қаншалықты тиімді болатыны әзірге белгісіз.
Сарапшылардың пікірінше, келіссөздер басталған күннің өзінде де әскери қақтығыс тағы екі-үш аптаға созылуы мүмкін.