logo
search
menu
Атыраудағы қанды қылмыс: Күдікті күйеу бала өмір бойына соттала ма?
видеодан скриншот

Атыраудағы қанды қылмыс: Күдікті күйеу бала өмір бойына соттала ма?

Атырау облысы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының қазасына байланысты іс бойынша күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар тағылды. Енді оған екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы ғана емес, қылмысты бірнеше рет жасағаны үшін де айып тағылып отыр. Tengrinews.kz тілшілері бұл жағдайға байланысты адвокаттардың пікірін біліп, күдіктіге қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін анықтаған.

Атырау облыстық полиция департаменті мәліметінше, Сұлтан Сәрсемәлиевке тағылған айыптар кеңейтілді.

Енді оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен қатар, 13-тармағы – "бірнеше рет жасалған адам өлтіру" бабы да қосылған.

Сонымен бірге іс материалдарында бұған дейін айтылған басқа да қылмыстар сақталған. Атап айтқанда, 188-баптың 2-бөлігі бойынша – "алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық", сондай-ақ 190-бап – "алаяқтық" деректері қарастырылып жатыр.

Прокуратураның мәліметінше, аталған эпизодтар марқұмдардың жеке мүлкін иемдену және олардың малын заңсыз сату фактілеріне қатысты.

Адвокат Абзал Қасымжанов бұл қылмыстарды саралаудағы құқықтық айырмашылықтарға түсініктеме берді.

"Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде екі түрлі саралау белгісі қарастырылған: "екі немесе одан да көп адамды өлтіру" және "бірнеше рет жасалған адам өлтіру". Бірінші жағдайда әңгіме бір оқиға аясында бірнеше адамның өлтірілуі туралы болса, екінші жағдайда әртүрлі уақытта және әртүрлі жағдайда өлтіру туралы сөз болады", – дейді адвокат.

Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, істің қоғамда үлкен резонанс тудыруы және күдіктінің шетелге қашуға әрекеттенуі ескерілсе, сот ең қатаң жаза қолдануы мүмкін.

"Сондай-ақ, қалыптасқан сот тәжірибесін ескерсек, күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал", – деді адвокат.

Сұлтан Сәрсемәлиевке адам өлтірумен қатар ұрлық және алаяқтық бойынша да айып тағылып отыр. Адвокат Самат Әбуев бұл эпизодтардың сот үкіміне қалай әсер ететінін түсіндірді. Оның айтуынша, жаза қылмыстар жиынтығы негізінде белгіленеді, яғни жеңілірек жазалар неғұрлым қатаң жазаға қосылып есептеледі.

"Менің ойымша, егер қылмыстың асқан қатыгездікпен жасалғаны дәлелденсе, сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы мүмкін. Нақты санкцияны сот әр істің мән-жайына қарай жеке белгілейді, бірақ қазір іс материалдарын көрмей, нақты айту қиын", – деп түйіндеді адвокат.