«Жасыл даму» АҚ орман өрттерінің алдын алу және материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстарын жалғастыруда
Ақмола облысында орман шаруашылығы мекемелерін өртке қарсы заманауи техникамен жабдықтау бойынша кезекті маңызды кезең жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н. Шәрбиев пен Ақмола облысы әкімінің орынбасары А. Амренованың қатысуымен өңірдің орман мекемелеріне 13 бірлік жаңа өрт сөндіру техникасы табысталды.
Аталған техникалар отандық өндіріс өнімі болып табылады. Олар орман шаруашылығы мамандарының тәжірибелік ұсыныстары негізінде әзірленген. Өрт сөндіру автокөліктері жоғары өтімділігімен, 3 тонналық су цистернасымен, өзін-өзі сөндіру жүйесімен және қозғалыс барысында өртті сөндіру мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Жалпы Ақмола облысына 24 өрт сөндіру автокөлігін жеткізу жоспарланған. Бұған дейін 2025 жылы өңірге 30 трактор және 31 кіші орман патрульдік кешені жеткізілген болатын.

Орман және табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту соңғы жылдары жүйелі түрде қолға алынды. 2024-2025 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 21,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 92 өрт сөндіру автокөлігі, 118 кіші орман патрульдік кешені, 244 трактор, 240 патрульдік автокөлік және 3 мыңнан астам өзге техника мен жабдық сатып алынды.
Сонымен қатар «Жасыл даму» АҚ тарапынан утилизациялық төлемдер есебінен орман шаруашылығы саласын қолдау мақсатында 35 млрд теңге бөлініп, 1057 бірлік өртке қарсы техника сатып алынды. Оның ішінде 333 өрт сөндіру автокөлігі, 350 трактор және 374 кіші орман патрульдік кешені бар.
Қазіргі таңда республика бойынша тракторлар мен кіші орман өрт сөндіру кешендерін жеткізу толық аяқталды. Сондай-ақ 152 өрт сөндіру автокөлігі жеткізілді. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін қосымша 168 өрт сөндіру автокөлігін жеткізу жоспарланып отыр.

Қабылданып жатқан шаралар елдің өрт қаупі жоғары өңірлеріндегі мемлекеттік орман иелерін заманауи техникамен қамтамасыз етуге және орман өрттерінің алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Жасыл даму» АҚ қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму бағытындағы жобаларды қолдауды әрі қарай жалғастырады.