Түркістанда бес күн ішінде 1000-нан астам жүргізуші белдік тақпағаны үшін жауапқа тартылды
Түркістан облысында жол қауіпсіздігін бақылау шаралары кезінде қауіпсіздік белдігін тағу талаптарын бұзудың 1011 фактісі тіркелді. Жалпы бес күнде 1727 құқықбұзушылық анықталған, деп хабарлайды TAULIK.KZ kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері оқылмайтын, талаптарға сай келмейтін немесе белгіленбеген орынға орнатылған көлік құралдарын басқарғаны үшін 121 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ мемлекеттік нөмірсіз немесе заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген автокөліктерді басқарудың 93 дерегі анықталды.
Бұдан бөлек қолдан жасалған немесе жалған нөмірлік белгілерді орнатқаны үшін 4 жүргізуші, ал жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлікті басқарғаны үшін 8 жүргізуші жауапқа тартылды.
— Жедел-профилактикалық іс-шара барысында көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланудың 448 дерегі және қауіпсіздік белдігін тағу талаптарын бұзудың 1011 фактісі анықталды. Сонымен қатар қарсы бағыттағы жолаққа шыққан 22 және мас күйде көлік басқарған 20 жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды, — делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін Түркістан облысында жол ережесін жиі бұзған шетелдік жүргізуші жауапкершілікке тартылған еді.