logo
search
menu
Ақтөбеде Қазақстандағы ең үлкен стадионның құрылысы басталды

Ақтөбеде Қазақстандағы ең үлкен стадионның құрылысы басталды

Ақтөбе қаласында жаңа футбол стадионының құрылысы басталды. 34 980 көрерменге арналған заманауи спорт нысаны еліміздегі ең үлкен стадион болмақ, деп хабарлайды Taulik.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап. 

Жоба түркиялық мердігер компанияның қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында іргетас құю, бетондау, бағаналарды орнату және монолитті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Стадион 10 блоктан тұрады. Құрылысшылар жыл соңына дейін негізгі монолитті жұмыстарды аяқтап, темірбетон қаңқасын тұрғызуға кірісуді жоспарлап отыр.

Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, бүгінде нысан құрылысында 152 адам еңбек етіп жатыр. Құрылыс жұмыстарының қызған шағында алаңда 700-ге жуық маман жұмыс істеп, нысан келесі жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Жаңа арена УЕФА-ның IV санатына сәйкес салынып, алты ярусты трибуналармен жабдықталады. Сонымен қатар стадионның сыртқы келбеті заманауи медиафасадпен әрленеді.

Стадионның сыйымдылығы жанкүйерлер сұранысын ескере отырып белгіленген. Қазіргі таңда облыс орталығындағы Қобыланды батыр атындағы орталық стадион небәрі 12 800 көрерменді қабылдайды. Әкімдік мәліметінше, «Ақтөбе» клубының еурокубок матчтарына билет сатып алуға 160 мыңға дейін өтінім түседі. Қазақстан чемпионаты ойындарына да қызығушылық жоғары – әр турда 50-55 мыңға дейін сұраныс тіркеледі.