logo
search
menu
Қазақстанда ең төменгі жалақы екі есе өсуі мүмкін: ол қалай есептеледі?

Қазақстанда ең төменгі жалақы екі есе өсуі мүмкін: ол қалай есептеледі?

Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі әзірге түпкілікті шешілген жоқ. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz Tengrinews.kz-ке cілтеме жасап. 

Министрдің сөзінше, 150 мың теңге – нақты бекітілген сома емес, ел ұмтылуы тиіс бағдар мен мақсат. Бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, Қазақстанда ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесі бекітілген. Енді оны есептеу кезінде екі негізгі көрсеткіш, атап айтқанда медиандық жалақы пен еңбек өнімділігі ресми түрде ескеріледі:

«Біз мұндай тәсілді ең төменгі жалақы экономиканың нақты мүмкіндігіне сай өсуі үшін таңдадық», – деді министр.

Қазіргі уақытта жауапты мемлекеттік органдар нақты есеп-қисап жүргізіп жатыр. Мамандар ең төменгі жалақыны екі есе арттыру бизнеске және бюджетке қандай салмақ түсіретінін анықтауы тиіс. Атап айтқанда, міндетті аударымдар мен әлеуметтік төлемдер көлеміне түсетін жүктеме есептеліп жатыр.

Министрдің айтуынша, егер бұл шешім қабылданса, шығын тек республикалық және жергілікті бюджеттерге ғана емес, жеке сектордағы жұмыс берушілерге де артады. Себебі олар да қызметкерлерінің ең төменгі жалақысын көтеруге міндетті болады.