logo
search
menu
Мамандар қан қысымы жоғары адамдарға қандай өнімдер пайдалы екенін айтты
express.co.uk

Мамандар қан қысымы жоғары адамдарға қандай өнімдер пайдалы екенін айтты

Дұрыс тамақтану – қан қысымы жоғары адамдарға да, қан қысымы төмен адамдарға да емнің маңызды қосымша бөлігі. Қандай өнімдердің қан қысымына әсер ететіні туралы мамандар «Объясняем.РФ» Telegram-арнасында түсіндірді, деп хабарлайды Taulik.kz.

Сарапшылардың айтуынша, ең алдымен тұзды шамадан тыс тұтынудан сақ болу қажет. Натрийдің көп мөлшері қан тамырларының тарылуына, ісінуге және қан қысымының көтерілуіне әсер етеді. Ал қандағы глюкоза деңгейінің жоғары болуы қанды қоюландырып, қант диабеті мен семіздік қаупін арттырады. Сонымен қатар холестерин түйіншектері қан тамырларының саңылауын тарылтып, созылмалы гипертония мен инсультке әкелуі мүмкін.

Қан қысымы жоғары адамдарға күнделікті рационға көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек қосу ұсынылады. Мамандар күніне 4-5 порция көкөніс пен жеміс жеуге кеңес береді. Әсіресе шпинат, жапырақты салат, өрік пен банан пайдалы. Бұдан бөлек, гипертониктерге тұтас дәнді өнімдер, сүт өнімдері, ет, балық және құс еті ұсынылады.

Мамандар тағамға тұз бен қантты аз қосып, қуырылғаннан гөрі қайнатылған, пеште пісірілген немесе буға дайындалған асқа басымдық беруге шақырады.

Дәрігерлердің айтуынша, гипертониясы бар адамдар күніне шамамен 1,5 литр сұйықтық ішуі керек. Күн ыстық кезде бұл мөлшерді көбейтуге болады. Алайда бүйрек ауруы бар науқастар үшін сұйықтық мөлшері 1-1,2 литрге дейін шектелуі мүмкін.

Сондай-ақ мамандар қан қысымын төмендетуге көмектесетін өнімдерді де атады. Олардың қатарында ірі тартылған қара бидай және бидай ұнынан жасалған нан, майсыз печенье, қарақұмық, сұлы және арпа жармасы, көкөніс сорпалары, майлы балық түрлері, қайнатылған сиыр еті, бұзау еті, құс еті, майы аз сүт, айран, қатық, сүзбе, тұзсыз ірімшік, қырыққабат пен сәбіз бар.

Ал қан қысымы төмен адамдарға бауыр, бүйрек, тауық еті, күркетауық, қоян еті және сиыр етін тұтыну ұсынылады. Сонымен қатар пияз, жұмыртқаның ақуызы, бұршақ тұқымдастар, саңырауқұлақ, алмұрт, жүзім, анар және цитрус жемістері де пайдалы өнімдер қатарына кіреді.

Гипотониясы бар адамдар үшін тәуліктік су мөлшері орта есеппен 2 литрді құрайды. Дегенмен нақты мөлшерді дәрігер адамның жынысына, жасына, физикалық белсенділігіне және күнделікті рационына қарай жеке есептеп береді.