Жантүршігерлік жол апаты: Түркістан облысында бір үйдің 5 баласы қаза болды
Түркістан облысының Түлкібас ауданында жантүршігерлік жол апатынан бір әулеттің бес баласы ажал құшты. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады, деп жазады Taulik.kz.
Ауыл арасындағы жолда жүйткіген жеңіл көлік қас-қағым сәтте ағашқа соғылып, қақ ортасынан бөлінді. Көлік тізгінінде кәмелетке толмаған қыз отырған. Өкінішке қарай, салонда болған алты адамның тек біреуі тірі қалған. Полицейлер қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Темір тұлпарды тізгіндеген қыз 11 сыныпты биыл ғана бітірген. Өкінішке қарай, оқиға орнында бес қыз тіл тартпай кетті. Барлығы бір әулеттің балалары. Салонда болған алты баланың тек біреуі ғана аман қалған. Бұл жағдайдан Еңбекші ауылының тұрғындары есеңгіреп қалған.
Бейіскүл Күдериева:
— Үйіне көңіл айтып барып келдік. Байғұстар бәрі боздап, жылап отыр. Мен сияқты әжесі бар еді. Амал жоқ. Біреуі қыз екен. Менің немереммен оқиды екен. Сол қыз рөлде болған екен дейді.
Қазір жедел жәрдем көлігімен жансақтау бөліміне жеткізілген баланың жағдайы белгісіз. Әзірге дәрігерлер оның денсаулығына қатысты қандай да бір ақпарат берген жоқ. Ал полиция қызметкерлері бес қыздың өмірін қиған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі:
— Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу ажүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырады.
Оқиға болған ауыл тұрғындары елді мекен ішіндегі жолда жүргізушілердің тым қатты жүретінін айтуда.