Жантүршігерлік қылмыс: чемоданнан 17 жастағы қыздың мәйіті табылды
Аустралиялық турист 45 жастағы Саймон Карман Таиландта 17 жастағы қызды өлтіріп, артынша мәйітін чемоданға салып жасырған, деп хабарлайды Yaulik.kz Metro порталына сілтеме жасап.
Оқиға 25 маусым күні Таиландтың секс-туризмімен танымал Паттайя курортында болған. Саймон Карман жағажайда 17 жастағы Тунчанок Донхомлумен танысқан. Полицияның болжамынша, ер адам қызға 1 мың тай батын төлеуге келіскен, алайда қонақүйге барған соң оның жартысын ғана ұсынған. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал туындап, соңы қыздың өлімімен аяқталған.
Бейнебақылау камераларының жазбасына сәйкес олар қонақүйге жергілікті уақыт бойынша таңғы 03:30 шамасында келген. Сол күні кешкі сағат 22:00-де Карман қонақүйден қара чемоданмен шығып, мотоциклмен кетіп қалған. Біраз уақыттан кейін ол қонақүйге қолында ештеңесіз оралған.
Кейінірек теміржол маңынан чемоданның ішіне салынған Тунчанок Донхомлудың мәйіті табылды. Күдікті Бангкок әуежайында Аустралияға ұшпақ болған кезде ұсталды. Алғашында ол кінәсін мойындамағанымен, тергеушілер бейнежазбаларды көрсеткеннен кейін қылмысын мойындаған.