Аяқ неге ісініп, ауыр тартады: әйелдер жиі елемейтін липедема қандай ауру?
Аяқтың себепсіз ісінуі, сыздап ауыруы, тез көгеруі немесе терінің бұдырланып өзгеруі жай ғана артық салмақтың белгісі болмауы мүмкін. Мұндай белгілер липедема деп аталатын созылмалы дертке тән, деп хабарлайды Taulik.kz theguardian.com-ға сілтеме жасап.
Липедема кезінде май тіні көбіне сан, балтыр, бөксе тұсына шамадан тыс жиналады. Кейде қолдың жоғарғы бөлігі де өзгеруі мүмкін. Бұл дертке шалдыққан адамдар аяқтың ауыр тартып, тез шаршайтынын, тері астында түйін секілді қатты бұдырлар пайда болатынын айтады.
The Guardian мәліметінше, липедема әйелдер арасында жиі кездескенімен, көп жағдайда дер кезінде анықталмайды. Себебі оны семіздікпен немесе лимфа сұйықтығының жиналуынан болатын лимфедемамен шатастырып жатады.
Мамандардың айтуынша, липедема – адамның көп тамақ жеуінен немесе аз қозғалуынан ғана пайда болатын жағдай емес. Бұл кезде жиналған май диета мен спортқа оңайлықпен кетпейді. Сол себепті көптеген әйел жылдар бойы «арықтаңыз» деген кеңес естіп, нақты диагнозға кеш жетеді.
Дәрігерлер аурудың нақты себебі әлі толық анықталмағанын айтады. Дегенмен липедема тұқым қуалауы мүмкін және гормондық өзгерістер кезінде, әсіресе жыныстық жетілу, жүктілік немесе менопауза кезеңінде күшеюі ықтимал.
Мамандар аяқтың ұзақ уақыт ісінуі, ауырсынуы, жиі көгеруі және дене пішінінің күрт өзгеруі байқалса, оны елеусіз қалдырмай, дәрігерге қаралуға кеңес береді.