logo
search
menu
Қарбызды жеуге ең қолайлы уақыт аталды.
Фото: әлеуметтік желі

Қарбызды жеуге ең қолайлы уақыт аталды.

Жаз мезгілі басталысымен дүкендер мен базарларда қарбыз бен қауын көбейеді. Алайда мамандар ерте піскен өнімдерді тұтынуға асықпауға кеңес береді, деп хабарлайды taulik.kz.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, қарбыз бен қауынды жеуге ең қолайлы кезең – шілде айының соңы мен қыркүйек айы аралығы. Дәл осы уақытта бақша өнімдері табиғи жағдайда пісіп жетіледі және олардың құрамында өсу стимуляторлары мен артық тыңайтқыштарды пайдалану ықтималдығы төмен болады.

Маманның сөзінше, әсіресе балалардың денсаулығына сақ болған жөн. Сондықтан маусымы толық басталмай тұрып қарбыз бен қауынды көп мөлшерде тұтынбауға кеңес береді.

Дәрігерлер де қарбыз сатып аларда оның сыртқы түріне мән беруді ұсынады. Жемістің қабығы бүтін, жарылмаған әрі соғылмаған болуы керек. Сонымен қатар кесілген қарбызды көшеден немесе ашық жерде сатып алу қауіпті болуы мүмкін, өйткені оның ішіне түрлі бактериялар түсу қаупі жоғары.

Сарапшылар қарбызды пайдаланар алдында ағын сумен жақсылап жуып, кесілгеннен кейін тоңазытқышта сақтауға кеңес береді. Ал созылмалы асқазан-ішек аурулары бар адамдарға оны шамадан тыс мөлшерде жемеген дұрыс.

Айта кетейік, Қазақстанға сырттан әкелінетін жеміс-көкөніс өнімдері міндетті түрде фитосанитариялық бақылаудан өтеді. Бұл тексеру өнімдердің зиянкестер мен түрлі өсімдік ауруларынан таза екенін анықтауға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, маусымында піскен табиғи өнімді таңдау – денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі.