Техникалық құрал істен шыққанда оңалту қалай жалғасады: пилоттық жобаның мүмкіндіктері
Техникалық оңалту құралы мүгедектігі бар адам үшін еркін жүріп-тұруына, өзіне-өзі қызмет көрсетуіне, білім алуына, еңбек етуіне және қоғаммен тұрақты қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін маңызды құрал. Ал оңалту құралдарының бұзылуы немесе пайдаланушының қажеттіліктеріне сай келмеуі техникалық ақау емес, дербестікті шектейтін әлеуметтік мәселе. Taulik.kz Қазақстанда енгізіліп жатқан жаңа пилоттық үлгінің мұндай жағдайда азаматқа қандай көмек көрсететінін, құралдарды жөндеу, уақытша беру және қайтару тетіктерінің қалай жұмыс істейтінін талдады.
Оңалту жүйесінің тиімділігі азаматқа техникалық құралды бір рет табыстаумен ғана бағаланбайды. Ғылыми және практикалық тұрғыдан құралды пайдалану барысында оған техникалық қызмет көрсету, жөндеу, қажет болғанда уақытша балама құрал беру және оны адамның өзгерген қажетіне бейімдеу де маңызды. Егер негізгі техникалық оңалту құралы жөндеуге жіберілсе немесе ауыстыру қажет болса, азамат қажетті құралсыз қалмауға тиіс. Адамның жүріп-тұруы, өзіне-өзі қызмет көрсетуі немесе қарым-қатынас жасауы құралдың жарамдылығына тәуелді болса, жөндеудің ұзаққа созылуы әлеуметтік тұрғыдан елеулі мәселеге айналады.
Қайтарылған техникалық құралдарды әрі қарай пайдалану да бірыңғай тәртіппен жүргізілуге тиіс. Мұндай құралдар техникалық тексеруден, қажет болған жағдайда жөндеуден және санитариялық өңдеуден өткеннен кейін ғана басқа азаматтарға уақытша берілуі мүмкін. Ол үшін құралды қабылдау, бағалау, жөндеу, сақтау, есепке алу және қайта беру жұмыстарын бір жүйеге біріктіру қажет. Әрбір техникалық оңалту құралының жай-күйі мен пайдалану тарихы цифрлық жүйеде тіркелуге тиіс. Осы қажеттіліктер құралды алғаш берген сәттен бастап оны пайдаланудың барлық кезеңін қамтитын жаңа қызмет көрсету үлгісін енгізуге негіз болды.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында техникалық оңалту құралдарына қызмет көрсету, оларды өтеусіз уақытша беру және қайтару тәртібін сынайтын пилоттық жоба іске қосылды. Жоба құралдарды жөндеу, уақытша балама құрал беру, қайтару және цифрлық есеп жүргізу рәсімдерін іс жүзінде сынауға, сондай-ақ азаматтардың қажетті құралсыз қалу қаупін азайтуға бағытталған.
Өңірлерді іріктеу кезінде оңалтудың техникалық құралдарына қажеттілік деңгейі, Ұлттық ғылыми орталық филиалдарының инфрақұрылымдық дайындығы, техникалық және медициналық мамандардың болуы, сондай-ақ жобаның барлық кезеңін ұйымдастыру мүмкіндігі ескерілді. Пилоттық жобаның алғашқы кезеңі кресло-арбалардың барлық түрін және жүріп-тұруға арналған өзге де техникалық құралдарды қамтиды.
Азаматтардың жобаға қатысуы және әлеуметтік-техникалық сараптамадан өтуі олардың немесе заңды өкілдерінің ерікті өтініші бойынша жүргізіледі. Пилоттық жоба аясында техникалық оңалту құралдарын қабылдау, беру, қайтару, жөндеу, техникалық жай-күйін бағалау және уақытша балама құрал беру тәртібі тексеріледі. Барлық рәсімдер электрондық журналда және цифрлық ақпараттық жүйеде тіркеледі. Пилоттық жоба мүгедектігі бар азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің қазіргі тәртібін толықтырады. Ол заңда белгіленген жағдайларда азаматтың жаңа техникалық оңалту құралын алу құқығын шектемейді. Негізгі құрал жөнделіп жатқанда, ауыстырылғанда немесе Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жаңа құрал берілгенге дейін резервтік қордан уақытша техникалық құрал берілуі мүмкін.
Жоба барысында жиналған деректер мен анықталған мәселелер жұмыс тәсілдерін жетілдіруге, ықтимал тәуекелдерді азайтуға және жаңа үлгіні еліміздің басқа өңірлеріне енгізу мүмкіндігі жөнінде ғылыми негізі бар шешім қабылдауға пайдаланылады. Жаңа үлгінің басты ерекшелігі құралды тек бір рет беріп қоюмен шектелмей, оны пайдалану мерзімі ішінде тұрақты техникалық қызмет көрсетуді көздеуінде.
Оңалту құралын жөндеу, уақытша беру және ауыстыру қалай жүзеге асады?
Арба немесе жүріп-тұруға арналған құрал бұзылған кезде мүгедектігі бар адам не оның заңды өкілі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» РМК филиалына жүгіне алады. Орталықтың техникалық маманы мен оңалту дәрігері құралдың жай-күйін тексереді. Олар ақаудың сипатын, құралды жөндеу мүмкіндігін және жөндеуден кейін оны қауіпсіз пайдалануға болатынын бағалайды. Қажет болған жағдайда жөндеу уақытша беру пунктінде жүргізіледі немесе құрал арнайы жөндеу ұйымына жіберіледі. Негізгі құрал жөнделіп жатқанда резервтік қорда азаматтың қажетіне сай келетін құрал болса, оған уақытша балама құрал берілуі мүмкін.
Егер тексеру барысында құралды қауіпсіз жөндеуге келмейтіні анықталса, мамандар оны есептен шығару қажеттігін қарайды. Мұндай шешім тек көзге көрінетін ақауға немесе жөндеу құнына сүйеніп қабылданбайды. Құралдың тозу дәрежесі, негізгі тетіктерінің жай-күйі, оны әлі қанша уақыт пайдалануға болатыны, жөндеуден кейінгі ықтимал қызмет мерзімі және пайдаланушы үшін қауіпсіздігі кешенді бағаланады.
Жарамсыз құрал есептен шығарылғаннан кейін азаматқа жаңа оңалту құралы белгіленген тәртіппен беріледі. Жаңа құрал берілгенге дейін резервтік қорда лайықты құрал болса, азамат оны уақытша пайдалана алады. Демек, негізгі міндет техникалық қауіпсіздікті сақтай отырып, оңалту үдерісінің үзілмеуін қамтамасыз ету.
Пилоттық жобада балалардың қажетіне арнайы назар аударылуы оның әлеуметтік маңызын арттырады. Баланың бойы, салмағы және дене өлшемдері өзгерген сайын бұрын берілген арба немесе басқа құрал белгіленген пайдалану мерзімі аяқталмай тұрып-ақ балаға шақ келмей қалуы мүмкін. Мұндай сәйкессіздік жайсыздықпен ғана шектелмейді. Баланың дене өлшеміне сай келмейтін құрал оның дене қалпына, қауіпсіз қозғалуына, тірек-қимыл жүйесіне түсетін жүктемеге және оңалту нәтижесіне кері әсер етуі ықтимал.
Пилоттық жоба аясында оңалту дәрігері уақытша беру пунктінде баланың антропометриялық көрсеткіштерін өлшеп, қолданыстағы құралдың қазіргі қажетіне сай келетінін бағалайды. Соның нәтижесінде белгіленген пайдалану мерзімінің аяқталуын күтпестен, балаға шақ келетін құрал беру мүмкіндігі қарастырылады.
Аталған жағдайлардың әрқайсысында құралдың сырттай бүтін немесе техникалық тұрғыдан жұмыс істеп тұрғанын анықтау жеткіліксіз. Оның қауіпсіздігімен бірге нақты адамның дене өлшемдеріне, функционалдық жағдайына, қозғалу мүмкіндігіне және абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында белгіленген қажетіне сәйкестігі де бағалануға тиіс. Сондықтан пилоттық жобада әлеуметтік-техникалық сараптама негізгі бағалау тетігі ретінде қолданылады.
Әлеуметтік-техникалық сараптама қалай жүргізіледі?
Әлеуметтік-техникалық сараптама құралдың техникалық жай-күйі мен оны пайдаланатын адамның жеке қажеттілігін бірге бағалайды. Сараптама кезінде құралдың негізгі тораптары мен тетіктерінің жарамдылығы, ақаулардың сипаты, тозу дәрежесі, әлі қанша уақыт пайдалануға болатыны, жөндеу мүмкіндігі, қауіпсіздігі және санитариялық өңдеуден өткізу мүмкіндігі тексеріледі. Бұл мәліметтер пайдаланушының бойы, салмағы, дене бітімі, функционалдық мүмкіндігі, қозғалу ерекшелігі және абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында көрсетілген талаптармен салыстырылады.
Сараптамалық бағалауға оңалту дәрігері, техникалық маман және әдіснама маманы қатысады. Оңалту дәрігері құралдың адамның денсаулық жағдайына, дене өлшемдеріне және функционалдық қажетіне сәйкестігін анықтайды. Техникалық маман құралдың құрылымдық бөлшектерін, тетіктерінің жұмысын, ақауларын және жөндеуге жарамдылығын бағалайды. Әдіснама маманы құралдың оңалту мақсатына сәйкестігін, бағалау өлшемдерінің бірдей қолданылуын және сараптаманың белгіленген тәртіппен жүргізілуін қадағалайды. Ал жалпы комиссия құрамына кемінде жеті адам кіреді. Олар: медициналық және (немесе) техникалық білімі бар Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының мамандары, техникалық оңалту құралдары мен кресло-арбаларды өндіру саласының мамандары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ қажет болған жағдайда басқа да бейінді сарапшылар.
Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының «Инновацияларды енгізу және әдіснамалық сүйемелдеу» бөлімінің басшысы Гүлден Нұрланқызының түсіндіруінше, әлеуметтік-техникалық сараптаманың міндеті құралдың техникалық жарамдылығын растаумен ғана шектелмейді. Бағалау кезінде құралдың нақты пайдаланушының функционалдық және антропометриялық қажетіне қаншалықты сай келетіні анықталады. Оны қайта пайдалану туралы шешім қауіпсіздік талаптары, тозу дәрежесі, қалған пайдалану мүмкіндігі және адамның оңалту қажеті толық бағаланғаннан кейін ғана қабылданады.
Сондықтан қайтарылған құрал басқа азаматқа бірден берілмейді. Алдымен оның үлгісі, сериялық немесе есептік нөмірі, жиынтықтылығы және сыртқы күйі тексеріледі. Одан кейін техникалық жай-күйі мен пайдалануға сәйкестігі бағаланып, қажет болса жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізіледі.
Құрал міндетті түрде санитариялық өңдеуден өтеді. Жаңа пайдаланушыға берілер алдында ол адамның дене өлшемдері мен оңалту қажетіне сай реттеледі. Қауіпсіздігіне күмән туғызатын, қатты тозған, пайдалану мерзімі аяқталған немесе тек бір адамның жеке пайдалануына арналған құралдар резервтік қорға енгізілмейді.
Сараптамалық қорытынды құралдың одан әрі қалай пайдаланылатынын айқындайтын негізгі құжат болады. Оның негізінде құралды пайдалануды жалғастыру, уақытша беру пунктінде шағын жөндеу жүргізу, арнайы жөндеу ұйымына жіберу, резервтік қорға қабылдау немесе техникалық жарамсыз деп танып, есептен шығару жөнінде шешім қабылданады. Бұл тәртіпте құралды қайта пайдалану түпкі мақсат ретінде қарастырылмайды. Негізгі басымдық адамның қауіпсіздігіне, құралдың нақты қажетке сай келуіне және оңалту үдерісінің үздіксіздігіне беріледі.
Әлеуметтік-техникалық сараптаманың қорытындысы техникалық оңалту құралын одан әрі пайдалану, жөндеу, ауыстыру немесе есептен шығару жөнінде шешім қабылдауға негіз болады. Қабылданған шешімдерді іс жүзінде орындау уақытша беру пунктінің қызметі арқылы жүзеге асырылады.
Уақытша беру пункті мен резервтік қор қалай жұмыс істейді?
Уақытша беру пункті техникалық оңалту құралын белгілі бір мерзімге табыстайтын орын ғана емес. Ол құралдарды қабылдау, қайтару, сақтау, есепке алу, техникалық жай-күйін тексеру, жөндеу, техникалық қызмет көрсету, санитариялық өңдеуден өткізу, қайта пайдалануға дайындау және олардың жай-күйін бақылау жұмыстарын біріктіретін жүйенің бір бөлігі болып табылады. Пункттің қызметі құралды қабылдаудан бастап оны қайта пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Техникалық оңалту құралы уақытша беру пунктіне қайтарылған кезде маман оның атауын, үлгісін, сериялық немесе есептік нөмірін және жиынтықтылығын құжаттардағы мәліметтермен салыстырады. Құрал сырттай тексеріліп, оның зақымдары, тетіктерінің жұмысқа жарамдылығы, негізгі бөлшектерінің жай-күйі, тозу дәрежесі және пайдалану белгілері бағаланады. Тексеру нәтижелері техникалық бағалау актісіне енгізіледі.
Техникалық бағалау қорытындысы бойынша құрал қайта пайдалануға жарамды деп танылуы, жөндеуге жіберілуі немесе жарамсыз болса, есептен шығарылуы мүмкін. Шағын жөндеу жұмыстары уақытша беру пунктінде жүргізіледі. Орташа немесе күрделі жөндеуді қажет ететін құрал комиссияның қорытындысы және қабылдау-беру актісі негізінде арнаулы техникалық қызмет көрсету ұйымына жіберіледі. Жөндеу туралы шешім қабылдау кезінде құралдың тозу дәрежесі, қалған қызмет мерзімі, қауіпсіздігі және оны қалпына келтірудің экономикалық тұрғыдан тиімділігі ескеріледі.
Уақытша беру пунктінің маңызды міндеттерінің бірі құралды нақты пайдаланушының қажетіне бейімдеу болып табылады. Құралды қайта берер алдында оның адамның дене өлшемдеріне, функционалдық мүмкіндігіне және оңалту қажеттілігіне сәйкестігі бағаланады. Бұл ретте абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасындағы мәліметтер, адамның дене көрсеткіштері, қозғалу мүмкіндігі және жеке ерекшеліктері ескеріледі. Қажет болған жағдайда құралдың жекелеген бөліктері реттеліп, пайдаланушыға лайықталып бапталады және техникалық түзету жүргізіледі.
Құрал пайдаланушының немесе оның заңды өкілінің қатысуымен беріледі. Табыстар алдында оның жарамдылығы, жиынтықтылығы және дұрыс жұмыс істейтіні тексеріледі. Пайдаланушыға құралды пайдалану тәртібі мен қауіпсіздік талаптары түсіндіріледі. Уақытша беру пунктінің мамандары мүгедектігі бар азаматтарға және олардың заңды өкілдеріне құралды алу, пайдалану, қайтару және ауыстыру мәселелері бойынша кеңес береді.
Уақытша беру пунктінің жұмысы резервтік қорды қалыптастырумен де байланысты. Резервтік қор техникалық тұрғыдан жарамды, пайдалану мерзімі аяқталмаған және уақытша немесе қайта пайдалануға беруге болатын техникалық оңалту құралдарынан құралады. Қайтарылған құралдар техникалық бағалаудан, міндетті санитариялық өңдеуден және қажет болған жағдайда жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуден өткеннен кейін ғана резервтік қорға қабылданады.
Қатты тозған, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін, пайдалану мерзімі аяқталған немесе санитариялық, техникалық және пайдалану талаптары бойынша қайта қолдануға жарамсыз құралдар резервтік қорға енгізілмейді. Мұндай құралдар белгіленген тәртіппен есептен шығарылып, кәдеге жаратуға жіберіледі.
Құрал берілгеннен есептен шығарылғанға дейін
Резервтік қордағы құралдардың қабылдануы, берілуі, қайтарылуы және қайта пайдаланылуы цифрлық есеп жүйесінде тіркеледі. Жүйеде құралдың техникалық бағалаудан өтуі, жөнделуі, техникалық қызмет көрсетілуі және қайта берілуі туралы мәліметтер сақталады. Құралдың техникалық жай-күйі, пайдалану мерзімі, жөндеу және техникалық қызмет көрсету тарихы да есепке алынады.
Әрбір техникалық оңалту құралына жеке есептік нөмір беріледі. Егер зауыттық немесе сериялық нөмірі болмаса, құралды басқа құралдардан ажыратуға мүмкіндік беретін жеке нөмір тағайындалады. Бұл құралды пайдаланудың барлық кезеңінде бақылауға, оның техникалық тарихын сақтауға, жоғалу және орынсыз пайдалану қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Техникалық оңалту құралдарына техникалық қызмет көрсету және оларды қайтару үлгісі қазіргі мемлекеттік қамтамасыз ету тәртібін алмастырмайды. Пилоттық жоба мүгедектігі бар азаматтардың белгіленген пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жаңа техникалық оңалту құралын алу құқығына нұқсан келтірмейді.
Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты негізгі құрал бұзылғанда, жөндеуге жіберілгенде немесе ауыстырылғанда азаматты қажетті құралсыз қалдырмау. Бұл ретте құралдың қауіпсіздігі, техникалық жарамдылығы және нақты пайдаланушының функционалдық мүмкіндігі мен дене өлшемдеріне сәйкестігі басты өлшем болады. Жаңа үлгіні еліміздің басқа өңірлеріне енгізу аясын кеңейту туралы шешім пилоттық жобаның нақты нәтижелеріне, пайдаланушылардың пікірлері мен тәжірибесіне, қызметтердің қолжетімділігіне және қауіпсіздік көрсеткіштеріне сүйене отырып қабылдануға тиіс.