Дәуірдің дара тұлғасы
Ағымдағы жылдың 3 қыркүйегінде 3477 әскери бөлімінде «Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халқының рухани көсемі» тақырыбында ақпараттық сағат өтті, деп хабарлайды Taulik.kz.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ елінің оқу-ағарту саласын жолға қоюға күш салып, ерен еңбек еткен, бала оқытып, ұстаз болған, бала оқытудың әдістерін көрсеткен, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазған ғалым, педагог, ұлы қайраткер. Ол ғалым-ағартушы ретінде: «Оқу құралдары сайлы болмаса, оның ішінде оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды. Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспапсыз шеберлер еш нәрсе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала оқыта алмайды», - деп қазақ мәдениеті көгінде өзінің ағартушылық көзқарасын нақты көрсете білді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 5 қыркүйекте аталып өтетін туған күніне орай ұйымдастырылған ақпарат сағат барысында 3477 әскери бөлімінің мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі маманы А. Кенесова барлық санаттағы әскери қызметшілерге қазақ тіл білімінің негізін қалаушы жайлы дәріс оқыса, Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың бөлім меңгерушісі Т. Башай тың тарихи ақпараттармен бөлісе отырып, ана тілімізге деген құрмет, ұлттық құндылықтар жайлы баяндады. Сонымен қатар көрермендер назарына «Дәуірдің дара тұлғасы» тақырыбында кітаптар көрмесі ұсынылды.
- Мемлекеттік тілдің күнделікті және қызметтік-жауынгерлік әрекетте қолданылуын одан әрі дамыту және насихаттау, әскери қызметшілерде мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін қалыптастыру, өзге тілді әскери қызметшілердің мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылықтарын арттыру мақсатында әскери бөлімде бірқатар шаралар ұйымдастырылуда, - деді 3477 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Дархан Мухтариев.

Ақпараттық сағат барысында барлық қатысушылар тақырып аясында өздерінің ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Шара соңында арнайы шақырылған дәріскерге бөлім командирінің атынан алғыс хат беріліп, қатысушылар назарына қазақ тілінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы жайлы көркем фильм ұсынылды.
