logo
search
menu
Астанада жаңа Конституцияны іске асыру мәселелері және отбасыға қатысты құқықтық кепілдіктер талқыланды

Астанада жаңа Конституцияны іске асыру мәселелері және отбасыға қатысты құқықтық кепілдіктер талқыланды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотымен бірлескен «Отбасы саясаты мен гендерлік әділеттіліктің конституциялық кепілдіктері» тақырыбында ведомствоаралық талқылау өткізді, деп хабарлайды Taulik.kzgov.kz-ке сілтеме қалдырып.

Отбасын, ана мен әкені, баланы қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттары қатарында әрі Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген негізгі құндылықтардың бірі. Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басым міндеттердің бірі, осы конституциялық кепілдіктерді іс жүзінде қамтамасыз ету мәселесін талқылады.

Талқылауды Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева жүргізді. Ол жаңа Конституция нормалары отбасы институтын одан әрі нығайтудың берік құқықтық негізіне айналатынын атап өтті.

Іс-шараға Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Әзімова, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Жақып Асанов, Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Ұлттық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Жиында Ұлттық комиссияның мемлекеттік отбасы саясатын жетілдірудегі рөліне айрықша мән берілді. Комиссияның қолдауымен 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жаңартылып, Отбасын қолдау орталықтарының желісі кеңейіп келеді. Бүгінде елімізде осындай 160 орталық жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бері Отбасын қолдау орталықтарына 50 мыңнан астам өтініш келіп түсті. 43 мыңнан астам отбасы консультациялық көмек алып, 6 мыңға жуық отбасы ұзақ мерзімді сүйемелдеуге алынды.

Комиссия қызметінің негізгі бағыттарының бірі - отбасы құндылықтарын нығайту және жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта «Ата-аналар академиясы» жобасы жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарында 2 500-ден астам адам оқудан өтті. 2026 жылдан бастап жоба еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп жатыр. Оқу материалдарын ata-ana.kz платформасынан табуға болады.

Сонымен бірге отбасын құруға ниетті жұптарға арналған әдістемелік құрал әзірленді. Оны білім беру ұйымдары мен Отбасын қолдау орталықтарының жұмысында пайдалану жоспарланып отыр.

Жиында Конституциялық Соттың отбасы заңнамасын жетілдіруге ықпал еткен құқықтық ұстанымдары да кеңінен талқыланды. 

Талқылау қорытындысы бойынша бірлескен жұмыстың алдағы басым бағыттары айқындалды.