logo
search
menu
Қазақстандықтар ет, көкөніс және сүт өнімдерін көбірек тұтына бастады
Сурет ЖИ арқылы жасалған

Қазақстандықтар ет, көкөніс және сүт өнімдерін көбірек тұтына бастады

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін тұтыну өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан. Бұл мәліметтер халықтың тұрмыс деңгейіне жүргізілген 12 мың үй шаруашылығын қамтыған іріктемелі зерттеу нәтижесінде анықталды, деп хабарлайды Taulik.kz, QazStat-қа сілтеме қалдырып.

Орта есеппен бір қазақстандық бірінші тоқсанда 20,7 келі ет және ет өнімдерін тұтынған. Былтырғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 20,6 келі болған. Сондай-ақ сүт және сүт өнімдерін тұтыну 57,2 литрден 58,1 литрге, жұмыртқа 52 данадан 54 данаға, көкөніс 18,3 келіден 18,7 келіге, картоп 11,3 келіден 11,4 келіге, ал балық пен теңіз өнімдері 3,5 келіден 3,6 келіге дейін өскен.

Сонымен қатар кейбір азық-түлік түрлерін тұтыну азайған. Атап айтқанда, жарма және дәнді дақыл өнімдері 31 келіден 30,6 келіге төмендеген. Май және тоңмай өнімдерін тұтыну өзгеріссіз қалған. Жеміс-жидек пен жаңғақ 17,5 келіден 17,4 келіге, ал қант, тосап және бал 10,8 келіден 10,3 келіге дейін азайған.

Бірінші тоқсанда орта есеппен бір тұрғын 11,4 келі картоп, 6 келі бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан, 6 келі сиыр еті, 4,8 келі алма, 4,6 келі құмшекер, 4,2 келі күріш, 3,1 литр айран, 2,6 келі макарон өнімдері, 2,4 литр шикі сүт, 2,1 келі жаңа ауланған немесе салқындатылған балық, 54 жұмыртқа және 0,3 келі қара шай тұтынған.

2026 жылдың алғашқы үш айында көкөніс тұтыну көлемі жан басына шаққанда 18,7 келіні құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға жоғары (18,3 келіден 18,7 келіге дейін).

Қала тұрғындары көкөністі ауыл халқына қарағанда көбірек тұтынған. Қалалық жерлерде бір адамға шаққандағы көрсеткіш 19,3 келі, ауылдық жерде 17,6 келі болған.

Көкөністі ең көп тұтынатын өңірлердің көшін Алматы қаласы бастап тұр – жан басына шаққанда 23,2 келі. Одан кейін Жетісу облысы (22,8 келі) және Түркістан облысы (21,4 келі) орналасқан. Ең төмен көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында (16,5 келі) тіркелсе, Абай және Алматы облыстарында бұл көрсеткіш 16 келіденболған.

Ет және ет өнімдерін тұтыну бойынша ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ақмола және Қарағанды облыстарында байқалды. Ал ең төмен тұтыну деңгейі Түркістан облысында тіркелген.

Анықтама:
Азық-түлік өнімдерін тұтыну туралы мәліметтер халықтың тұрмыс деңгейіне жүргізілген, 12 мың үй шаруашылығын қамтыған іріктемелі зерттеу негізінде есептелген.

Жан басына шаққандағы азық-түлік тұтыну көлемі есепті кезеңде үй шаруашылығының бір мүшесі тұтынған өнімнің орташа мөлшерін көрсетеді. Ол үй шаруашылығында тұтынылған азық-түліктің жалпы көлемін отбасы мүшелерінің санына бөлу арқылы анықталады. Ал ірілендірілген өнім топтары бойынша көрсеткіштер бастапқы өнімге қайта есептеу әдісімен шығарылады.