33 жылдан кейін Арқалықта әуе қатынасы қайта жанданды
2026 жылғы 22 тамызда 33 жылдық үзілістен кейін Арқалық пен Астана арасында қайтадан тұрақты әуе рейстері жолға қойылды. Бүгін Астана – Арқалық – Астана бағыты бойынша алғашқы жолаушылар рейсі орындалды.
Әуе қатынасын қайта жандандыру Арқалық әуежайын қалпына келтіру мен жаңғыртудың арқасында мүмкін болды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүргізілді, деп хабарлайды Taulik.kz.
Жобаның басты міндеті – Арқалық қаласы мен маңайдағы аудандардың тұрғындары үшін қолайлы әрі қолжетімді әуе қатынасын қамтамасыз ету.
Әуежайда жаңа жолаушылар терминалы, апаттық-құтқару станциясы, арнайы техникаға арналған гараж, бақылау-өткізу пункті және диспетчерлік мұнара салынды. Сондай-ақ ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы мен перрон реконструкцияланды.
Әуежай авиациялық қауіпсіздік қызметінің сертификатын алды. Қазақстанның AIP (Авиациялық ақпарат жинағында) аспаптар бойынша қонуға кіру схемалары жарияланды.

Бүгінгі таңда жаңадан салынған әуежай барлық сертификаттау процедураларынан өтті. 3 тамызда әуежай №8/26 авиациялық қауіпсіздік қызметінің сертификатын алды. 18 тамызда «Қазаэронавигация» РМК-дан аэронавигациялық қызмет көрсетуші ретінде №21 сертификат алынды. 21 тамызда АРД сериялы №KZ01VKC00000389 аэродромның жарамдылық сертификаты берілді.
Қазіргі уақытта Арқалық әуежайы CRJ200 үлгісіндегі өңірлік жолаушылар әуе кемелерін қабылдауға және оларға қызмет көрсетуге дайын. Арқалық пен маңайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін үш бағыт қолжетімді:
Астана – Арқалық – Астана;
Алматы – Арқалық – Алматы;
Қостанай – Арқалық – Қостанай.
Конкурс қорытындысы бойынша тасымалдаушы болып SCAT авиакомпаниясы белгіленді. Мемлекеттік субсидиялаудың арқасында Астана мен Қостанайға билет құны 10 мың теңгені, ал Алматыға 25 мың теңгені құрайды.

Жаңа бағыт Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарының, сондай-ақ Ақмола облысы Жарқайың ауданының тұрғындары үшін көлік қатынасын жақсартады.
80 мыңнан астам адам елдің басқа өңірлеріне, соның ішінде медициналық, білім беру және мемлекеттік қызметтерді алу үшін тезірек жету мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар жаңа бағыт Торғай өңірінің бизнесін дамытуға, инвестициялар тартуға және экономикасының өсуіне қосымша мүмкіндіктер туғызады. Жоба шеңберінде 136 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Әуе бағытының ашылуы Астана әуежайында, ұшақ бортында және Арқалыққа ұшып келгеннен кейін ұйымдастырылған театрландырылған-музыкалық перформанспен сүйемелденді.
Арқалықта алғашқы рейстің жолаушыларын әуенмен, әнмен және шашу шашып қарсы алды.
33 жылдан кейін тұрақты рейстердің қайта оралуы Арқалық пен бүкіл Торғай өңірі үшін маңызды оқиға болды. Енді тұрғындарда елдің ірі қалаларымен қолайлы әуе қатынасы, ал өңірде бизнесті дамыту мен инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктері пайда болды.