logo
search
menu
Ақмола облысында дәрігердің TikTok-тағы балағат сөзі сынға қалды

Ақмола облысында дәрігердің TikTok-тағы балағат сөзі сынға қалды

Ақмола облысында дәрігер-офтальмологтың әлеуметтік желідегі әрекеті қызу талқыға түсті. Дәрігер TikTok-та бейәдеп сөздер қолданып, видео жариялаған. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды, деп
 хабарлайды Taulik.kz.


Желі қолданушылары медицина саласында жұмыс істейтін маманның көпшілікке ашық парақшасында балағат сөздер қолдануын сынға алды. Олардың пікірінше, дәрігердің әлеуметтік желідегі жеке әрекеті де оның кәсіби беделіне әсер етеді.

«Құрметті Қазақстан тұрғындары! Назар аударуларыңызды сұраймын. Бұл әйелдің медициналық білімі бар, дәрігер болып жұмыс істейді. Алайда жұмыс орнында адамдарға дөрекі сөйлеп, әдепсіз әрекет көрсеткен. Адам әлеуметтік желіде өзін көпшілік алдында осылай ұстап, өзгелерді балағаттап, бейәдеп сөздер қолданса, ол тек өзінің ғана емес, сонымен қатар өзі өкілі болып отырған кәсіби қауымдастықтың да абыройына нұқсан келтіреді», - деп жазылды aktivniy_selinograd_talapker парақшасында. 
Оқиғаға қатысты дәрігердің өзі де әлеуметтік желі арқылы пікір білдірді. Есенжолова Айнұр Боранбекқызы өзін көп жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санатты дәрігер-офтальмолог ретінде таныстырды. Оның айтуынша, медициналық қызмет атқарған жылдары науқастар тарапынан өзіне шағым түспеген.

Дәрігер жұмыс істейтін медициналық ұйымда TikTok-тағы әрекетіне байланысты тәртіптік кеңес өткенін мәлімдеді. Кейін дәрігер жұмыстан шығарылған. Ол жұмыстан босатылуын заңсыз деп санап, еңбек инспекциясына жүгінгенін және инспекция жұмыс беруші тарапынан заң талаптары бұзылғанын анықтағанын айтты. Сондай-ақ ол сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді.

Алайда бұл жағдайдағы негізгі мәселе – дәрігердің әлеуметтік желідегі әрекетінің кәсіби этика талаптарына қаншалықты сәйкес келетіні.