Сауд Арабиясында Тоқаевтың Жолдауы талқыланды
Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Baspasoz.kz-ке сілтеме жасап.
Жиынға Сауд Арабиясының мемлекеттік мекемелері, дипломатиялық өкілдіктер, сарапшылар қауымдастығы, бизнес өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты. Сондай-ақ Бүкіләлемдік ислам лигасы, Бүкіләлемдік су ұйымы және Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің өкілдері бас қосты.
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Мадияр Менілбеков қатысушыларға Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарын таныстырды. Ол елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тоқталып, жаңа Конституцияның қабылдануы, цифрлық технологияларды дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және инвестиция тарту мәселелері туралы баяндады.
Кездесуде екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге де назар аударылды. Қазақстан – Сауд Арабиясы іскерлік кеңесінің үйлестірушісі Ахмед Аль-Дахиль кеңестің тұрақты жұмыс істеп жатқанын айтып, бірлескен инвестициялық жобаларды көбейту мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтудың маңызын атап өтті.
Ал Бүкіләлемдік ислам лигасының Ар-Риядтағы кеңсесін басқаратын Абдельвахаб Аль-Шехри ұйым Бас хатшысының Астанаға сапарын еске алды. Ол Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы түрлі дін өкілдері арасындағы өзара түсіністікті дамытуға қосып отырған үлесіне жоғары баға берді.
Дөңгелек үстел барысында араб елдерінің «Riyadh Gazette», «Sahm News» және «Alyaum News» басылымдарының журналистері Қазақстандағы экономикалық өзгерістер, шетелдік инвесторларға берілетін жеңілдіктер, мәдени байланыстар мен өңірлік қауіпсіздікке қатысты сауалдар қойды.
Жиын қорытындысында қатысушылар Қазақстан Президентінің Жолдауында белгіленген басымдықтар мен елде қолға алынған бастамалар жөнінде кеңінен мәлімет алды.