Донат экономикасы: стримерге жіберілген ақша қайда кетеді
Стриминг - әлемдегі ең тез өсіп келе жатқан медиа нарықтарының бірі. Қазақстанда оның негізгі алаңы TikTok LIVE. Донат көбейген сайын тәуекел де артып: ақша үшін заң бұзған стримерлер жазаланып , ал кейбір елдер балалардың донат жіберуіне шектеу қойды, деп хабарлайды Taulik.kz.
Стрим деген не?
Стрим (ағылш. stream — «ағын»)-интернеттегі тікелей эфир. Ол алдын ала жазылмайды және монтаждалмайды. Стримдер Twitch, YouTube Live, TikTok LIVE, Kick, VK Play Live платформаларында өтеді. Стример эфирге компьютер не смартфон, микрофон, веб-камера және OBS Studio сияқты бағдарламаны пайдаланып шығады.
Видеоойын стримінің алғашқы тіркелген мысалы 1993 жыл. 12 жасар Джей-Джей Стайлс (Zot the Avenger) АҚШ-тағы Access Tucson телеарнасында тікелей эфирде ойын ойнап, көрермендердің қоңырауларына жауап берген. Онлайн-стриминг 2011 жылы Twitch іске қосылғаннан кейін кең тарады. TikTok LIVE 2019 жылы іске қосылды.
Нарықтың нақты көлемі туралы бағалар әртүрлі. IMARC дерегінше, 2025 жылы әлемдік стриминг нарығы 108,7 млрд долларға жеткен. 2034 жылға қарай ол 687,2 млрд долларға өсуі мүмкін. Fortune Business Insights бағасы бойынша, нарық 2025 жылы 135,21 млрд доллар болған.
Біздің аймақта да эфир саны өсіп жатыр. TikTok дерегінше, 2026 жылдың бірінші жартысында Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азияда 95 миллионнан астам автор эфир жүргізген. Бұл бір жыл бұрынғыдан 50%-дан көп.
Платформа табысында сыйлықтардың үлесі үлкен. Мысалы, Қытайдағы стриминг платформаларының табысының шамамен 70%-ы, яғни 246,2 млрд юань (36,8 млрд доллар) виртуалды сыйлықтар мен донаттан түскен.
Негізгі терминдер:
Стример- эфирді жүргізетін автор. TikTok-та эфир ашу үшін оның кемінде 1000 жазылушысы болуы керек және жасы 18-ден асуы тиіс. Платформа бұл жас шегін 2022 жылы 16-дан 18-ге көтерген.
Көрермен- эфирді көріп, чатта жазатын адам.
Донатер-стримерге ақша немесе сыйлық жіберетін көрермен.
Донат-көрерменнің өз еркімен жіберген ақшасы немесе сыйлығы.
Сыйлық-монетаға сатып алынатын анимациялық стикер. TikTok-та ең арзан сыйлық 1 монета тұрады, ал ең қымбаты, TikTok Universe, 34 999 монета тұрады. 1 монета шамамен 8 теңге болса, бұл 280 мың теңгеге жуық.
Платформа- делдал. Ол монетаны сатады, сыйлықты стримерге жеткізеді және комиссия алады.
Адамдар неге донат жіберуге құмар?
Зерттеушілер мұны «парасоциалды байланыспен» түсіндіреді. Бұл-көрерменнің стримерге деген бір жақты эмоционалды жақындығы. Стример көрерменді танымайды, ал көрермен оны жақын адамы сияқты сезінеді.
2018 жылы АҚШ-та өткен зерттеуде стримерге ақша жіберген 230 көрермен сауалнамадан өтті. Зерттеушілер ақша жіберудің алты себебін анықтады. Парасоциалды байланыс қолдаудың барлық үш түрімен байланысты болып шықты: эмоционалды, практикалық және қаржылық.
Индонезияда 812 ересек адам қатысқан зерттеу парасоциалды байланыс көрерменнің донат жіберу ниетіне айтарлықтай әсер ететінін көрсетті. Чилиде жүргізілген зерттеуге сәйкес, көрермендер сыйлық жіберіп, стримерді қолдайды, сонымен бірге өздері де танылуды, көңіл көтеру мен әлеуметтік байланысты іздейді.
Платформалар бұл мотивті онтайлы пайдаланады. Стример эфирде донатердің атын атап, ең көп сыйлық жіберген көрермендердің рейтингі экранда шығады. «Баттлда» екі стример көрермендердің сыйлығы үшін жарысады.
Стримдегі ақша қалай бөлінеді?
Көрермен монетаны нақты ақшаға сатып алады. Стример сыйлықты «алмаз» түрінде алады. Алмаз кейін ақшаға айырбасталады.TikTok табысты тең бөлемін дейді, бірақ бұл көрермен төлеген соманың жартысы емес. Платформа авторлармен виртуалды сыйлықтардан түскен таза табыстың 50%-ын бөліседі. Таза табыс қосымшалар дүкенінің комиссиясы мен төлем шығындарынан кейін есептеледі. Яғни стримерге көрермен төлеген соманың жартысынан азы тиеді.Қазақстандағы табыс деңгейі әртүрлі. TikTok Live-тағы ірі стримерлер айына орта есеппен 150–500 мың теңге табады. Танымал авторлардың табысы 2–4 млн теңгеден асады.
Донат көбейген сайын кейбір стримерлер шектен шығады. Қазақстанда ІІМ 9 TikTok-стримерді жауапқа тартты. Оларға донат үшін төбелес, электрошокер қолдану және жалған адам ұрлау фактілері бойынша айып тағылды. Мысалы, 19 жастағы екі тұрғын донат алу үшін эфирде бір-біріне әдейі жарақат салған. Алматыда «Ақтөре» лақап атты 32 жастағы блогер эфирде боқтап, айналасындағыларды қорлағаны үшін 5 тәулікке қамалды.
Шетелде платформаның өзі сотқа тартылып жатыр. АҚШ-тың Юта штаты 2024 жылдың маусымында TikTok-қа қарсы сотқа арыз берді. Арызда TikTok жүздеген мың кәмелетке толмаған баланың LIVE-қа кіретінін және жас шектеулерінің жұмыс істемейтінін білген делінеді. TikTok өкілі арыз компанияның өз еркімен енгізген қауіпсіздік шараларын ескермейді деп мәлімдеді.
Қытай балалардың донат жіберуін бірнеше рет шектеді. 2022 жылы бұл елде 18 жасқа толмағандарға стримерлерге донат жіберуге тыйым салынды. Жаңа ережелер бойынша 8 жасқа толмаған балаларға донат жіберуге тыйым салынды, ал одан үлкен балаларға рұқсат беру жүйесі сатылап енгізілді. Бұл 2022 жылғы толық тыйымға енгізілген өзгеріс.
Қазақстанда стримерлерге арналған жеке заң жоқ. Олар жалпы заңдар бойынша жауапқа тартылады, мысалы, ұсақ бұзақылық үшін. Салық органдары да стримерлерді бақылап отыр. Жүздеген тиктокер, ютубер және стример табысын декларациялау туралы хабарлама алған. Автор жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелсе, TikTok-тан түскен табысын 910.00 немесе 911.00 нысанындағы декларацияда көрсетуі керек.
Стриминг табыс көзіне айналды, бірақ табыстың үлкен бөлігі платформада қалады. Донат көрерменнің стримерге деген эмоционалды байланысына негізделген, ал платформалар оны рейтинг пен баттл арқылы күшейтеді. Мұның апат салдары да бар: донат үшін заң бұзу, балалардың шығын жасауы және платформаларға қарсы сот істері. Қытай балалардың донат жіберуін шектеді. Қазақстанда стримерлер әзірге жалпы заңдар мен салық талаптары бойынша бақыланады.