Мәзір
29 тамыз, 2022 / taulik / Жаңалықтар

613 азамат жапа шекті: Шөкеев Жетісайда өртенген базар иесімен кездесті

613 азамат жапа шекті: Шөкеев Жетісайда өртенген базар иесімен кездесті

613 азамат жапа шекті: Шөкеев Жетісайда өртенген базар иесімен кездесті 613 азамат жапа шекті: Шөкеев Жетісайда өртенген базар иесімен кездесті
ашық дереккөзі
Жетісайға барған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев базардағы өрттің салдарын жою бойынша штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Taulik.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.  Базар иесімен кездесіп, әкімдік тарапынан қолдау болатынын айтты.
"Ешкім көмексіз қалмайды. Базар басшылығы кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, жанған тауар шығынын заң аясында өтеу керек. Бірінші мәселе, базарды қалпына келтіріп, тездетіп іске қосу қажет. Ол үшін жақын маңдағы аудандардан бригадалар алдырамыз. Әр секторға жөнделетін базар қатары бекітіледі. Әр павильонды 6-7 топқа бөліп, кәсіпкерлер мәселесін оңтайлы шешуді қадағалаймыз", – деді әкім.
Қазіргі таңда зардап шеккен кәсіпкерлерді басқа сауда орындарына уақытша орналастыру бойынша «Қарақай» сауда базарына және «Күлпаршын» базарының өрт шалмаған орындарына жайғастырып жатыр. Комиссия төрағасы Сәкен Қалқаманов, жергілікті әкімдік пен құқық қорғау органдары өкілдері, «Күлпаршын» базарының иелерінің қатысуымен өткен жиналыста Жетісай ауданының әкімі М.Қадырбек облыс әкіміне аудандағы жағдайды баяндады.
«Бүгінгі күнгі болжамды есеп бойынша 613 азамат, 1119 сауда нүктесі өрттен жапа шеккен. Келтірілген шығындарды өтеу бойынша арнайы қор құрылды. Қазіргі таңда кәсіпкерлермен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Күнделікті кәсіпкерлермен кездесіп, оларға көрсетілетін көмек жайын айтып жатырмыз», – деді аудан әкімі.
Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Н.Жалғасов аудандағы қоғамдық ахуалға тоқталды. «Аталған жайтқа байланысты тергеу басталды. Кеше өрт-техникалық сараптама, сот құрылыс сараптамасы жүргізілді. Шұғыл тергеу тобы құрылған» деді құқық қорғау органының өкілі.
«Базарды қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылдаймыз. Базарды қалпына келтіру жұмыстарына Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт аудандарынан бригадалар келіп көмек береді. Жобалаушылармен сөйлесіп, базар сызбасы дайын болған соң 1 аптада базарды қалпына келтіру керек. Ал базар иесі кәсіпкерлермен келісімге келуі тиіс», – деді аймақ басшысы.

Taulik.kz

Апта талқысында: