«Талибан» қозғалысының Ауған билігін құлатып, елде репрессия жасап жатқанына жылдан асты. Жапа шеккендердің дені – әйелдер. Бушра Седдик Ауғанстаннан кішкентай сіңлісімен қашып, артта тағы бір сіңлісін және анасын қалдырып кеткен журналист қыз. Ол өзінің тағдырын және көргенін Atlantic журналына жазған екен taulik.kz назарларыңызға мақала аудармасын ұсынып отыр. 2021 жылдың 26 тамызында кешке қарай SMS-хабарлама келді. Бұған дейінгі 11 күнде «Талибан» Ауған билігін құлатқан болатын. Менің құрбым – жазушы әрі Германияда білім алып жатқан – менің отбасыма көшуге көмектескісі келді. Міне, сол хабарлама: оның жазуынша, Германия билігі және бір коммерциялық емес ұйыммен тезарада эвакуациялауға ол мені және екі кішкентай сіңлімді Франкфурт рейсі арқылы ұшатын жолаушылардың тізіміне қосқан.
«Ал анам ше?» - деп сұрадым мен. Жауап бірден келмеді. «Мен ол кісіні тізімге қоса алмадым». Мен жалындым: «Өтінемін! Менің ағаларым кетіп қалды, ал әкем екінші әйелімен тұрады. Анамның бізден басқа ешкімі жоқ. Құдай үшін, бірдеңе істеші».Бірақ одан ендігі қайыр болмады. «Олардың бар ұсынғаны осы. Мен сенің бұл шешімді қабылдау үшін қиналатыныңды білемін». Ол бізге нақты жауап беру үшін тек 20 минут уақытымыз бар екенін айтты. Егер баратын болсақ, онда заттарды жинап, таксиге құпия орынға дейін жеткізуді сұраймыз; ол жерде бізді әуежайға тасып жатқан адамдарға апаратын автобус күтеді. Санаулы апта бұрын ғана менің өмірім тыныш әрі алаңсыз еді. Біз ауған әскерінің әлсірегенін, соғысты ондаған әскердің қаза болатынын білдік. Тіпті жаудың Кабулға жақындап қалғанын түсіндік. Соған қарамастан қалада кафелер, офис және мектеп жұмыс істеп тұрды. Адамдар ән айтып, билеу үшін мейрамханаларға барып жүрді, таксиде әуен ойнап тұрды. Мен 21-ге толдым, енді ғана газетте жұмысымды бастаған едім. Мен бүкіл қала бойынша сюжет жинадым: маған адамдар туралы жазған ұнады, әсіресе, кедейлік пен кімнің үні естілмейді солар туралы жазған. Мен олардың қуаныш пен қағида болатын әсерлерін, тағдырларын жаздым.


Біз мен, анам, кішкентай сіңлім Сара және ортаншы Асман бәріміз менің қызыл-ақ араласқан пердесі бар бөлмемнің еденінде отырып не істейтінімізді талқыладық. Мен біздің отбасымыздың нысанада екенін білдім, себебі: екі үлкен ағам да америкалықтарға қызмет істеген, оларды эвакуация жасап алып кетті, ал мен жұмыс істейтін әйел баласымын. Бірақ менің кеткім келген жоқ. Әсіресе, анама қарған кезде – маңдайынан кесілген әжімдерге, сұр шашқа, ол елуден асқан көрінеді, өйткені бұл Ауған әйелі мен анасының өмірі. Соңында ол біз үшін деп шешім қабылдады. «Сендер Сара екеуің кетесіңдер, - деді маған. – Біз Асман екеуіміз қаламыз».Сара сол кезде 16 жаста еді. Ол армандағанда және ізденгенді жақсы көретін, өскенде ұшқыш болғысы келетін. Анам оның талибандар келгенде күресуге шамасы, күші жетпейтінін түсінді. Асман 19 жаста-тын. Үйдегі ең жуасы әрі ең мейірімдісі осы. Біздің арамыз тек екі жас, бәріміз егіздер секілді өстік. Ол мен үшін сіңлімнен де артық жақын. Ол – менің бүкіл құпиямды сақтаушы. Анам Асманның кез келген қиындықты көтере алатынын білді. Бұл таңдаулардың ішіндегі ең ұтымдысы болды. Мен ше? Мен Сараға қарай аламын ба, жоқ па оны түсініп те үлгерген жоқпын. Бұдан бөлек ең жақын құрбымды қалай тастап кетемін? (Айтпақшы, Асман оның шын аты емес, ол әлі Ауғанстанда, сондықтан материалда жазу қауіпті). Сара екеуіміз заттарымызды жинадық, бір-бір сөмкеден ғана алдық, анам бізге жолға деп – пірәндік, пирожки, су салды. Біз етегі ұзын қара көйлекті кидік, шашымызды орамалмен жаптық. Мен Асманның көзіне қарай алмадым. Менде онымен қоштасуға деген жүрек болған жоқ. Бәріміз жылап алдық. Сара екеуіміз есіктен шыққан кезде анам артымыздан су шашты, бұл – Ауғанстанда қалыптасқан дәстүрдің бірі. Бәрі өте тез болып кетті. Әкем басқа бөлмеде ұйықтап жатқан. Оны оятпадым, жай ғана есікті ашып, қаншама жыл қауіпті аймақта жүрсе де, балалары үшін, олардың оқуға баруына, жақсы өмір сүруіне жанын салған азаматқа қарадым. Содан кейін шығып кеттік.

Жалғасы бар...