Қостанай: Мектептерге 23 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

Қостанай: Мектептерге 23 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

ашық дереккөзі

Балалардың білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау санэпидқызметтің ерекше назарында. Бүгінде Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның аумақтық бөлімшелері 114 мыңнан астам оқушы білім алатын 461 мектепке, сондай-ақ 9 мектеп-интернатқа бақылауды жүзеге асыруда, деп хабарлайды Taulik.kz ҚР ДСМ Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Өткен оқу жылында облыс мамандары ерекше тәртіп бойынша 276 тексеру жүргізді, оның ішінде бұзушылықтар әрбір екінші объектіде анықталды. Ал бұл 179 мектеп. Жоспардан тыс тексерулер саны 117 болды, сәйкессіздіктер 12 ғимаратта тіркелді. Анықталған санитарлық талаптардың бұзылуы бойынша 23,5 млн теңгеден астам сомаға 200 айыппұл салынды, сот органдарына 9 материал жолданды, оның ішінде 9 шешім қабылданды. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманы бұзу бойынша 169 ұйғарым берілді. Медициналық қарап-тексеруден өту үшін 41 адам уақытша жұмыстан шеттетілді. Өңірдегі тексерулер мен санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды талдау нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ білім беру объектілерінің атына ақпарат жолданды, объектілердің жағдайын жақсарту және оқушылар үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде тиісті ұсыныстар берілді. Эпидемиологиялық тұрғыдан маңызды мәселелердің бірі – тамақтануды ұйымдастыру. Бүгінгі күні білім беру ошақтарының 80%-ында тамақтандыруды шағын және микро бизнес субъектілері ұйымдастыруда. Алайда, оларға қолданыстағы мораторийге байланысты жоспарлы тәртіппен тексеріс жүргізуге тыйым салынған. Осыған байланысты санитариялық қағидаларды сақтау жауапкершілігі кәсіпкерлердің өздеріне, сондай-ақ объектінің әкімшілігіне және мектептерде құрылған бракераж комиссияларына жүктеледі. Балалар денсаулығын сақтау және нығайту мәселелері Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының тұрақты бақылауында.

Taulik.kz

Loading...