Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының сот отырысы басталды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Экспресс К-ға сілтеме жасап.
Сот Астана қаласының №2 Байқоңыр аудандық сотында өтіп жатыр. Тілшілер қауымы Zoom жүйесі арқылы қатысуда. Сот басталар алдында Қайрат Сатыбалды туған інісі Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішпен видео арқылы сөйлесті. Сатыбалдының бірдеңе тапсырып жатқаны байқалды. Өз кезегінде Самат Әбіш «жақсы брат» деді.
Сосын Сәния Тойкен есімді астаналық тілші Қайрат Сатыбалдыдан «Сіз мемлекетке келтірген шығынды қайтардыңыз, енді неге отырсыз?» деген сұрақ қойған. Бірақ Сатыбалды сот кезінде жауап бере алмайтынын айтты.
Судья тілшілерге ашық сот болғанымен, аудио-видео түсіруге тыйым салды.
Бұған дейін тамыз айының соңында Антикор Қайрат Сатыбалдыға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқтағанын хабарлаған.
Антикор Сатыбалдыға қатысты «Қазақтелеком» мен «Көліктік сервис орталығының» қаражатын аса ірі көлемде ұрлау дерегін анықтағанын мәлім еткен. Нәтижесінде заңсыз сатып алынған активтер мен 240 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды. Оған қоса айыпталушылардың ел іші мен шетелдегі жылжымайтын мүлік, автомобильдері және 400 миллиард теңге қаражаты анықталды, олар жақын арада мемлекетке қайтарылады.
Сонымен қатар ол салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, қылмыстық кірістерін заңдастыру деректері бойынша да тергеліп жатыр.
Taulik.kz