Маңғыстау облысында фельдшерлер мен жүргізушілердің ереуілінен кейін жедел жәрдемнің ондаған қызметкері жұмыссыз қалды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, жұмыстан кеткен қызметкерлердің орнына адам табылып қойған. Бір аптадан аса уақытқа созылған митингілерді сот заңсыз деп таныды.
Жұмысқа шыққысы келмегені үшін Жаңаөзен қаласында 11 адам, Мұнайлы ауданында тағы сегіз адам жұмыстан шығарылған.
Тағы 25 фельдшер мен 13 жүргізуші өз еркімен өтініш жазған. Оларға ойланып, ойын өзгертуге уақыт берілді. Бірақ дәрігерлер жұмысқа оралмаған. Нәтижесінде көбінің орнына адам табылғаны айтылды.
Жаңаөзен қаласында қазірдің өзінде 15 жүргізуші мен тоғыз фельдшер жұмысқа қабылданған. Мұнайлы ауданында – алты жүргізуші мен фельдшер. Денсаулық сақтау басқармасы өңірде жедел жәрдем көліктерінің жұмысы жолға қойылғанын айтады. Жергілікті бюджеттен жалақыға қосымша 236 миллион теңге бөлінген. Жыл аяғына дейін жүргізушілерге 90 мың теңге, фельдшерлік қызметке 40 мың, медбикелерге 30 мың теңге қосымша жәрдемақы төлеуге уәде беріп отыр.
Taulik.kz