Әскери борышын өтеген 3 мыңға жуық адам жоғары оқу орындарына грантпен түсе алады
Әскери борышын өтеген 3 мыңға жуық адам жоғары оқу орындарына грантпен түсе алады
ашық дереккөзі
Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп әскери қызметтің беделін арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Taulik.kz сайты ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
2023 жылдан бастап әскери борышын өтеген қазақстандықтар жоғары оқу орындарына Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесін есепке алмай-ақ түсе алады. Сондай-ақ, ақылы түрде білім алуға өтініш беруге болады. Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваның айтуынша, қорғаныс ведомствосында қазірдің өзінде ережелер қарастырылып жатыр. «Жобаны іске асыру келесі жылы басталады. Алайда, қазіргі уақытта әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға да білім бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Бізді ғылым және жоғары білім министрлігі, жоғары оқу орындарының ректорлары қолдап отыр», - деп атап өтті ол. Кешегі сарбаздар оқуға күнтізбелік кезеңде, мысалы, күзде запасқа ауыстырылғаннан кейін және қызмет аяқталған соң екі жыл ішінде түсе алады. Әскери қызмет өткеру кезеңінде тәртібі жақсы, жауынгерлік дайындықта жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік әскери қызметшілерге ЖОО гранты есебінен тегін жоғары білім алуға мүмкіндік беріледі. «Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жоғары оқу орындарының ректорларына ең лайықты әскери қызметшілер оқу орнының грантына сене алады деген ұсыныспен жүгінді. Бұл бастаманы біз ұсыныс айтқан барлық университеттер қолдады», - деп толықтырды Қорғаныс министрінің кеңесшісі. Барлық өңірлердегі 40-қа жуық жоғары оқу орны, соның ішінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Satbayev University, Astana IT University бар. Қорғаныс министрлігі университеттер жылына кемінде 3000 грант бөледі деп шамалап отыр. Осылайша, әскерге шақырылған әрбір оныншы сарбаз оқуға тегін түсуге мүмкіндік алады. Бұл тек Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдерінде ғана емес, басқа да әскери құрылымда – Шекара қызметі, Ұлттық ұланда қызмет еткен жауынгерлер де болмақ. Қорғаныс министрлігі қазірдің өзінде жауынгерлердің дайындық барысында жинаған ұпайларын қорытындылап, рейтингін анықтайтын әдістерді әзірлеп жатыр. «Бұл – алынған бағалардың жинақтаушы жүйесінің бір түрі. Жауынгерлер әскери тәртіпті сақтағаны, әскери құраманың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін қосымша ұпай алады», - деп бөлісті А.Төлембаева.
Taulik.kz