Павлодар облысына қарасты Ақсу кентінде тылсым жағдай болды. Аспанда «1986» деген жазу пайда болған, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
«Кеше кешкісін, оныншы маусым күні бір танысым қызық фото жіберді. «Бұл не?» деп едім, жаңа ғана өзі фотоға түсіріп алғанын айтты. Айтуынша, отбасымен таза ауа жұту үшін балконға шыққан екен. Сол кезде аспанда 1986 деген жазуды көреді. Бір ғажабы аталмыш жазу өте анық, әрі тұнық көрініп бірнеше минут тұрыпты. «Ойбай, телефон қайда!» деп үйге жүгіріп қайта шыққанша жазу аздап бұлдырап кетіпті», - дейді Уәлихан есімді тұрғын.
Дегенмен жай көзбен-ақ бұл фотодан 1986 деген жазуды анық байқауға болады.
Әңгімелесу барысында Уәлихан өзінің Ақсу қаласындағы коллеждердің бірінде ұстаздық ететінін айтып өтті. Фотоны түсіріп жіберген адам да осы оқу орнының мұғалімі көрінеді.