13 қазанда Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты кезекті сот отырысында сотталушылардың бірі Ақылбек Рысқалиев күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Taulik.kz сайты «Ақжайық» басылымына сілтеме жасап.
Ол өзінің бастапқыда «пара беруші мен пара алушы арасында делдал болдым» деген жауабын өзгертіп, Хаменованың 4,5 млн теңгеге ешқандай қатысы жоқ екенін жеткізді.
Ол өз сөзінде бастапқыда берген куәлігі Антикор қызметкерлерінің ықпалымен болғанын жеткізді.
«Мен ол кезде есеңгіреп, қатты күйзелісте болдым. Сол кезде Антикор қызметкерлерінің біреуі келіп, ол қаржыны облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға арналғаны туралы көрсетілім беру керектігін айтты. Егер осылай айтқанда қорғалу құқығына ие болып, ол үшін жауапкершілікке тартылмайтынымды айтты», – деді Рысқалиев.
Рысқалиевқа адвокаты Нұрлан Жолболов бірнеше сұрақ қойды:
– Нақтырақ айтсаңыз, кім тапсырма берді?
– Ол жерде бірнеше адам болды. Мен танымаймын.
– Сіз Адамов пен сіздің араңызда келісім болғанын Хаменова білмейтіндігін Антикор қызметкеріне айттыңыз ба?
– Иә. Олар мені дайындады. Мен оларға Адамов туралы және ақша туралы айтсам, Хаменованың түсінбейтіндігін оларға ескертіп айттым. Ақшаны берген кезде сезік тудырмайтындай етіп сөйлеп, кімнен келгенін, не ақша екенін ашып айтпай, ыммен сөйлесу керектігін олар маған баса тапсырды. Ең бастысы, менің ақша алып келгенімді Хаменова түсінсін деді. Олар мені қалай дайындады, мен солай айттым.
Осыдан кейін Жолболов оған неге бастапқыда басқаша айғақ бергенін сұрағанда, оған:
«Мен осыған дейін көп ойландым. Осыған дейінгі әрекеттерді көріп отырып қатты шаршадым. Басында, бірінші берген жауаптарыммен қаламын деп тырысқам. Мені сол инструктаждан өткізген Антикор қызметкерлері «осылай соңына дейін барсаң, өзің үшін бәрі жақсы болады, қорғалу құқығына ие болып қаласың, жауапкершілікке тартылмайсың, бәрінен де босатыласың» деген болатын. Бірақ күні бүгінге дейін олардың тарапынан мені қорғау, қолдау туралы әрекеттер жасалмағандықтан, расында мен қандай мақсатта қаржы сұрауға мәжбүр болдым, ел үшін жасалған жұмыстардың жыртығын жамауға демеуші керек болғанын шынымен де бәрі қалай болғанын айтуға шешім қабылдадым»,- деді Рысқалиев.
Рысқалиевтің бұл мәлімдемесінен кейін сотқа қатысуға келгендердің бәрі қол шапалақтап, Хаменова көзіне жас алды.
«Мұсылмандық танытқаныңызға, Антикордан емес, Алладан қорыққаныңызға, 10 ай бойы тар қапаста қамалып отырсам да бүгін шындықты айтқаныңызға мен рахмет айтамын», – деді Хаменова.
Хаменованың ісі бойынша келесі сот отырысы 21 қазанға белгіленді.
https://www.youtube.com/watch?v=9cAf4fsN9JM