«Заңсыз алынған қаражатты, мүлікті мемлекетке қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жерде жасыратын ештеңе жоқ, биыл бұл жұмыс қыза түсті. Бүгінгі таңда бұл сандар көбейді. 500 миллиард теңгеге жуық ақша мен мүлік мемлекетке қайтарылды. Біз бұл жұмысты тоқтатпаймыз. Қылмыстық істерге қатысы бар тұлғалардың қылмыстық жолмен алынған шетелдегі 400 миллиард теңгеден астам мүлкін анықтадық. Әңгіме алдағы уақытта мемлекетке қайтарылатын триллион теңге туралы болып отыр», - деді Бектенов.Оның айтуынша, өткен жылдары сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін мемлекетке өтелген сома жылына шамамен 30 миллиард теңгені құраған.
«2020 жылы бұл шамамен 60 миллиард болса, өзге жылдары 20-30 миллиард теңге болды. Мемлекетке келтірілген шығын еселеп өсіп, қазір триллионға жетті. Мен мұны мақтану үшін айтып отырған жоқпын. Біз бұрын да тиімді жұмыс істей алар едік, бірақ оған саяси жағдай әсер еткенін барлығы біледі, оны ашық айту керек. Биыл біз Мемлекет басшысының елдегі тәртіпті қалпына келтірудегі ерік-жігері мен экономиканы монополиясыздандыруға, олигархияны жоюына куә болып отырмыз. Бұл жұмыс жалғасын табады. Нәтижесі бұдан да жоғары болатынына сенемін», - деді Олжас Бектенов.Триллион теңге шетелден ғана емес, ел ішінен де қайтарылды.
«Заңсыз жолмен алынған мүлік мемлекет меншігіне қайтарылады. Кезінде олар жекеменшікке өткен. Оған қолма-қол ақша, әртүрлі жоспардағы компания да жатады. Барлығы кешенді түрде болған», - деді Антикор басшысы.
Taulik.kz