Мәзір
18 қазан, 2022 / taulik / Жаңалықтар

«Алдар көсе» атауының төркіні қандай?

«Алдар көсе» атауының төркіні қандай?

«Алдар көсе» атауының төркіні қандай? «Алдар көсе» атауының төркіні қандай?
ашық дереккөзі
Әлібек Нұрмағамбетов өзінің «Бес жүз бес сөз» деп аталатын еңбегінде «Алдар көсе» деген атаудың қалай пайда болғаны, сөздің төркіні қайдан екенін жазады. Назарларыңызға аталған кітаптағы деректі ұсынамыз. Есімі атам заманда қалыптасқан аңыз кейіпкерінің аты-жөнінен сыр тарту талас тудыруымен қатар таңдандыруы да ғажап емес. Кез келген қазақ бұл күрделі есімдегі әр сөздің мағынасын ажыратып, біріншісі -«алдау» етістігімен түбірлес те, екіншісі - сақал-мұрт шықпаған адамға тағылатын «көсе» екендігін айтып бере алады. Біз де солай ойлап келгенбіз. Бірақ байқап қараған адамға, ол тек алдаумен ғана шұғылданып, аты шыққан кейіпкер емес. Алдаумен қатар қулығы, ақылы, тапқырлығы да мол жан, Көсенің сараң, сығырдаң байдың бергісі келмеген асын ішуі, өз атының орнына оның атын бауыздаттыруы, қызын алып кетуі сияқты қылықтары жаңағы қасиеттердің айғағы емес пе? Бойына осынша ерекшелік дарыған көсеге «алдау» етістігінен шыққан «алдар» сөзін жалап жапсыра салу - аяққа етікті қоңылтаяқ кию сияқты. Енді таза тілдік қырынан алып қарасақ та, алдайтын қасиеті бар адамды қазақтардың «алдар» қалпында айтуы кездеспейді-ақ. Оның орнына «алдағыш», «алдамшы», сирек болса да «алдампаз» тұлғалары жиі айтылады. Тіркестің қалыптасуы өте ерте заманда болғандықтан, «алдар» сөзінің түркі тілдеріндегі, оның ішінде қазақ тіліндегі мағынасы ұмытылған болса керек. Бұл сөздің қазіргі тұлғасы мен басқа бір мағынасын түркі тілдерімен тектес деп шамалап жүрген монғол, тунгус-маньчжур тобындағы кейбір тілдерден табуға болатын деректер бой көрсетеді. Жазба монғол-тілінде: алдар - даңқты, атақты; қазіргі моңғол, бурят тілінде де осы тұлғалас сөз - атақ, абырой мағыналарын ұғындырады (ССТМЯ, I, 1975, 31). Көне түркі сөздігінде де «ал» сөзінің мағынасы «алдау» дегеннен басқа қулық, әдіс, даналық сияқтыларды түсіндіреді (ДТС, 31). Мұндай қасиеттер жиыны кім-кімді де атақ, абыройға не етпек. Маньчжур тілінде осымен түбірлес сөз (алдуңа) ерекше, дағдыдан тыс, дарақы, қылжақбас сияқты мағыналарға сілтейтінін көрсете кеткен жөн. Осылардың бәрін есепке, еске ала келіп, Алдар көсе есімінің алдындағы сөз тек «алдау» дегенді ғана аңғартпайды, атақты, даңқты, ерекше мағыналарын береді демекпіз. Қазіргі қалыпта айтсақ, «Алдар көсе»- Ерекше көсе, Атақты көсе болмақ. «Көсенің» төркіні парсы тілі екендігін көрсетіп қана өтеміз: кусэ - сирек сақалды, сақалсыз (Пер. -рус. сл., т. I, 1983).

Апта талқысында: