Маңғыстауда Арыстан мұнай кенішін игеретін "Кен-Сары" компаниясының жүздеген жұмысшысы билікке үндеу жолдады. 18 қазанда мұнайшылар айлықты 100 пайызға көтеруді талап етіп, бейнеүндеу жазды, деп хабарлайды Taulik.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Жұмысшылар оны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа жолдады. Сейсенбі күні таралған видеода олар мұнайлы өңірде баға қымбат екенін алға тартып, компания төлейтін айлық еңбек нарығындағы жағдайға сай емес деп мәлімдеді. Мұнайшылардың айтуынша, Арыстан кенішінде жұмыс істейтіндер басқа да мұнай компанияларына қарағанда екі жарым есе аз айлық алады. Кәсіпорын басшылары, атап айтқанда корей инвесторлары жұмысшылардың "заңды талаптарына құлақ аспай", сол арқылы "жұмысшылар арасында әлеуметтік наразылық туғызып отыр", деп мәлімдеді үндеу авторлары.
"Кен-Сары" жұмысшыларының айтуынша, айлықты келісім комиссиясы арқылы көтеру әрекеті іске аспады. Енді олар Астанадан араша сұрайды.
Есет есімді жұмысшының Азаттыққа айтуынша, компанияда орташа айлық шамамен 200 мың теңге (400 доллардан астам) болады. Мұнайшылар жұмысты тоқтатпаған. Есеттің айтуынша, жалақыны көтеруді 300-ге жуық адам талап етті. Кәсіпорын басшылығы олардың уәжіне құлақ еспады, енді іс еңбек арбитражына дейін жетті, дейді ол.
Еңбек дауы келісім комиссиясының көмегімен шешілмеген соң, бұл мәселе еңбек арбитражы аясында мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен қаралады, деп мәлімдеді жұмысшылар. Маңғыстау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына тараптардың мұндай өтініші әзірге түспеді, деп мәлімдеді сейсенбі күні Азаттыққа еңбек және қауіпсіздік туралы заңдардың орындалуын қадағалау жөніндеді бөлім жетекшісі Мерей Мәжитов.
Арыстан мұнай кені Бейнеу ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым жерде орналасқан.
Taulik.kz