Мемлекет ретінде өз тәуелсіздігімізді алып, дербес өмір сүріп жатқанымызға 30 жылдан асып кетсе де, кейбір маңызды күндер елеусіз қалып жатыр. Биылғы жылдың басқа жылдардан айырмашылығын айқындайтын шешімдердің бірі – Республика күнін атап өту.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап Республика күнін атап өту туралы шешім қабылдады. Бұл мереке тарихтағы 1990 жылдың 25-қазанымен тікелей байланысты. Тәуелсіздік жолындағы жасалған алғашқы қадамдардың басталу уақыты – қазіргі Республика ретінде қалыптасуымызда маңызды рөл атқарады және бұл күн бұдан кейінгі жылдарда да өз маңызын сақтай береді.
Еліміздің әрбір азаматы Президенттің бұл шешімін тек ресми түрде қабылдамай, шынайы маңызды мереке ретінде сезіне алатынына сенімдімін. Себебі бабаларымыздың бізге жеткізген ең құнды сыйы ретінде қарайтын тәуелсіздігімізбен пара-пар бұл мейрам ендігі өз маңызын халық санасында қалыптастырып үлгерсе керек-ті.
Президенттің бұл мерекені мемлекеттік мереке есебінде емес, ұлттық мереке ретінде қабылдауында да үлкен мән жатыр. Өйткені елімізде мемлекеттік мереке ретінде тойланатын қаншама мереке бар екені белгілі. Сәйкесінше, бұл сарындағы мерекелердің көп бөлігінің құндылығы барлық адамға бірдей түсінікті бола бермейді. Сол мерекелерге орай берілетін демалыс күндері мен жеңілдіктерге байланысты қуаныш сезімін білдіретіндер де жеткілікті.
Ендігі кезекте халықтың ұлттық мерекенің мәнін жете ұғынуы – өте маңызды мәселе. Ұлттық мереке ретінде Республика көлемінде сезіне алсақ, қадірін өз деңгейінде түсіне алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Қорыта айтқанда, тарихы сонау бірнеше мыңжылдықтардан басталатын қазақ халқының Республика мәртебесіне жетуі оңай іс болған жоқ. Қаншама уақытты араға салып, Республика ретінде бұл мерекені атап өтуіміз – бақытты ел екеніміздің анық дәлелі. Бабаларымыз бізге қалдырған құндылықтарды балаларымызға жалғай алсақ, бақытымыздың еселенгені деп білемін.
Дайындаған: Гүлзат Талғатқызы