Мәзір
22 қазан, 2022 / taulik / Жаңалықтар

Енді мемлекеттік туды барлық жерге ілуге еш тыйым болмайды - ТОҚАЕВ

Енді мемлекеттік туды барлық жерге ілуге еш тыйым болмайды - ТОҚАЕВ

Енді мемлекеттік туды барлық жерге ілуге еш тыйым болмайды - ТОҚАЕВ Енді мемлекеттік туды барлық жерге ілуге еш тыйым болмайды - ТОҚАЕВ
ашық дереккөзі
Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімінде мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.  Ол мемлекеттік тудың еліміздің барша азаматтарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын символ екенін атап өтті.
«Егемен елдің аспанында, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреген туымыз – бәріміздің мақтанышымыз. Қазақстанның көк байрағы ғарышқа сапар шекті, ең биік шыңдарда желбіреді. Туымызға арналған керемет әндер, өлең-жырлар бар. Әрбір азаматымыз оларды тыңдаған сайын ерекше рухтанады. Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқап жүр. Олардың көк туымызға деген ерекше құрметі барша әлемді тәнті етуде. Бұл – нағыз отаншылдықтың белгісі. Шынайы отансүйгіштік әрбір азаматымыздың бойында бар», –  деді Тоқаев.
Осы ретте мемлекет басшысы салтанатты жиынға мемлекеттік туымыз бен елтаңбаны қауіп-қатерлен аман алып шыққан түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырғанын айтты.
«Мен бүгінгі салтанатты жиынға түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырдым. Ол қауіп-қатерге қарамастан, Туымызды және Елтаңбамызды өрттен аман алып шықты. Осындай азаматтардың арқасында біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры нығая түседі. Біз оларды жастарға үлгі-өнеге етуіміз керек. Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Азаматтарымыз еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосады. Сондай-ақ қастерлі Отанымыздың тұтастығын ерлігімен нығайтатын азаматтар да аз емес. Кейбір елдердің тұрғындары өз рәміздерін ерекше қадірлеп, барлық жерде асқақтатып жүреді», –  деді ол.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесінің өзгергенін жариялады.
«Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесі өзгертілді. Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ», –  деді президент.
Мемлекет басшысы қазақтың қара домбырасының да қадір-қасиеті туралы ойларын айтты.
«Біз домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар дейміз. Бұл - дұрыс. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз. Біздің туымызда халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан. Оған елдің терең тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, бір сөзбен айтқанда, ұлт құндылықтарының барлығы сыйып тұр», – деді ол сөзінің соңында.

Taulik.kz

Апта талқысында: