Мәзір
24 қазан, 2022 / taulik / Жаңалықтар

Тоқаев Сталин туралы ойын айтты

Тоқаев Сталин туралы ойын айтты

Тоқаев Сталин туралы ойын айтты Тоқаев Сталин туралы ойын айтты
ашық дереккөзі
Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «31 арнадан» ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берген «Президент 2.0» атты деректі фильмі көрсетілді. Бұл туралы taulik.kz Holanews сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы жемқорлық үшін өлім жазасына кесілгендерді өз көзімен көргенін айтты.
«Бір рет жемқорлықпен ұсталған адамдардың стадионда атылғанын көрдім. Ондай да болған. Әсері ауыр енді. Жүк машинасынан көздері байлаулы адамдарды түсіріп әкелді де, үкімдерін оқып шықты. Әр адамның желкесінен атты. Бұл 1988 жылы Қытайдың оңтүстігіндегі қалалардың бірінде болды», - деді Президент.
Сұхбат барысында президент әкесінің сталиндік қуғын-сүргіннің кесірінен жетім қалғанын айтты.
«Ол өмірінің соңына дейін, соғыста жеңгені үшін Сталинге риза болып өтті. Бұл жерде үлкен қарама-қайшылық туындап тұр. Бір жағынан алып қарағанда, ол Сталиннің кесірінен жетім қалды. Ал екінші жағынан алып қарасақ, ол Сталинді Кеңес одағы Қарулы күштерінің Ұлы қолбасшысы деп санады», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев журналистің «Сіз үшін Сталин кім?» деген сауалына жауап берді.
«Мен үшін Сталин, әрине ірі тарихи тұлға. Бірақ кез келген ірі тарихи тұлға сияқты Сталиннің де қарама-қайшы жақтары болды. Жаппай қуғын-сүргін, соның ішінде Қазақстан жеріндегі қуғын-сүргінді кешіру мүмкін емес. Сталиннің сойылын соққан шолақ белсенділердің қолынан көптеген қазақтың зиялы қауым өкілі түрмеде жазықсыздан жазықсыз қаза тапты. Екінші жағынан әкеммен де келісемін. Ел басына күн туған кезде Кеңес одағын басқарып, елді жеңіске жеткізді»,- деді Қазақстан Президенті.
Журналист Алексей Пивоваров президенттен бүгінде Ресейде танымал қазақстандық рэп-орындаушы Әділ «Скриптонит» Жәлелов шығармашылығы туралы сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық рэп-орындаушы Әділ «Скриптонит» Жәлеловтің әндерін тыңдағанын айтты.
«Оны бірнеше рет тыңдап көрдім. Алайда ұйып тыңдадым, бәрін түсіндім деп айта алмаймын. Бірақ түсінуге тырысып көремін»,- деді Тоқаев.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы Димашты мақтан тұтатынын жеткізді.
«Ол өзінің өнерімен әуелі қытайлық тыңдармандарын, кейін Ресейді тәнті етті. Кремльдегі съездер сарайында бірнеше концерт берді. Концерттерінің барлығы аншлагпен өтті»,
- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресейлік журналист Қазақстан Президентінен «Галстук, костюм тігетін сүйікті фирмаңыз бар ма?» деп сұрады. Мемлекет басшысы отандық киімдерді киетінін айтты.
«Қазір отандық өндірушілердің галстугін тағып жүрмін. Қазақстанда осындай сапалы өнім шығаруды үйренді. Осы орайда өте сапалы галстуктер тігіп, сататын фирма бар. Дәл қазір мен тағып жүрген галстук Алматыда тігілген. Біз үшін отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсеткен маңызды. Жалпы галстук таққанды ұнатамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде Саакашвилидің мысалы Қазақстанға неліктен келмейтінін айтты. Президент болашақта полицияға қатысты реформа жасау жоспарында бар екендігін жеткізді.
«Ол туралы естігенмін. Болашақта ілкі жоба ретінде жергілікті муниципалды полицияға қатысты реформа іске асырып көруіміз мүмкін. Келешекте жасауға тырысамыз, бұл жоспарымда бар. Бірақ жеке бір облыста немесе ауданда іске асырамыз. Бұл тұрғыда Саакашвилиге оңайырақ болды. Оның елі шағын, халқының саны 3 млн адамнан сәл ғана асады. Сондықтан экспериментке сақ қарау керек. Бірақ реформа да қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Апта талқысында: