Мәзір
5 қараша, 2022 / taulik / Жаңалықтар

«Қайырымдылық емес – биліктің қылмысын мойындағаны» – Қаңтар құрбанының туысы

«Қайырымдылық емес – биліктің қылмысын мойындағаны» – Қаңтар құрбанының туысы

«Қайырымдылық емес – биліктің қылмысын мойындағаны» – Қаңтар құрбанының туысы «Қайырымдылық емес – биліктің қылмысын мойындағаны» – Қаңтар құрбанының туысы
ашық дереккөзі
Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған ақтөбеліктер Русланбек Жұбаназаров пен Файзулла Нұргелдин отбасының әрқайсына «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 7 млн теңгеден берген. Бұл туралы Азаттыққа Қаңтар құрбандарының туыстары хабарлады, деп жазады Taulik.kz сайты радиоға сілтеме жасап. «Қазақстан халқына» қоры мұны растап, екі отбасына бөлінген қаржыны «қайырымдылық көмек» деп атады. Ақтөбедегі митинг кезінде оққа ұшып, сүйегі туыстарына бір ай бойы берілмеген Руслан Жұбаназаровтың қарындасы Жайнагүл Бүркітқызы бұл қаржыны «қайырымдылық көмек емес, биліктің өз қылмысын іштей болса да мойындауы» деп санайды. Отыз жастағы Русланбек Жұбаназаров билік демонстранттарды күштеп таратқан 7 қаңтар күні таң алдында Ақтөбедегі митинг болған алаңға жақын тұрғын үйдің ауласында атылған.
«Қолымызда «Русланбек Жұбаназаров - террорист» деген құжат бар. Бірақ оның ақталғаны туралы, ағамды атқан адамдардың жазаланғаны туралы ештеңе жоқ. Бізге керегі - сол! Ағамның ақталғанын қалаймын. Осыны айтып, тоғыз айдан бері қақпаған есігім жоқ. Ешкімнен мардымды жауап ала алмадым. Ағасының құнын төледік, енді бұлар үндемейді дейтіндер қатты қателеседі. Оны атқандар, террорист деп жала жапқандар, сүйегін бір ай бойы мәйітханада ұстағандар – бәрі заң алдында жауап берсін!» - дейді Жайнагүл Бүркітқызы.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Ақтөбедегі митинг кезінде ауыр жараланып, дертінен айыға алмай екі айдан соң қайтыс болған Файзулла Нұргелдиннің отбасына да 7 млн теңге аударған. Файзулла Нұргелдиннің туыстары ол қаржыны әзірше депозитте сақтау туралы шешім қабылдапты. Файзулланың әпкесі Айгүл Нұргелдина «Інімнің артында биыл 13-ке толатын қызы қалды. Бұл қаржы сол баланың болашақта білім алуына, болмаса баспана алуына жұмсалады» деді. 46 жастағы Файзулла Нұргелдин көзі тірісінде «ГАЗель» маркалы жеке көлігімен жүк тасып, інілерімен бірге отбасының шаруа қожалығына бас-көз болған. Ол 5 қаңтар күні күштік құрылымдар демонстранттарға резеңке оқ атып, көзден жас ағызатын газ шашып, алаңнан қуған кезде бас сүйек пен мидың ашық жарақатын алған. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының хабарлауынша, қор осы кезге дейін Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен 228 адамға жалпы сомасы 1 млрд 120 млн теңге бөлген.
«Қаза тапқан 19 әскери қызметшінің, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасына - 133 млн теңге (7 млн теңгеден), 111 әскери қызметшіге, ішкі істер органдарының қызметкеріне 333 млн теңге (3 млн теңгеден), Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болған ҚР 90 азаматының (екеуі бала) отбасына – 630 млн теңге (7 млн теңгеден), Қаңтар оқиғасының кезінде жараланған 6 баланың отбасына – 18 млн теңге (3 млн теңгеден), оқ жарақатынан ауыр жараланған кәмелетке толмаған екі азаматқа – 6 млн теңге (3 млн теңгеден) қайырымдылық көмек көрсетілді», - деп жазылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында.
Қордың мәліметінше, кімге, қанша ақша бөлінетіні туралы шешімді бас прокуратурадан келіп түскен ақпаратқа сай қамқоршылық кеңес қабылдайды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған. Қаңтар қырғынынан соң президент Тоқаев қайғылы оқиғаға бай мен кедей арасындағы "үлкен алшақтық" себеп болды деген еді. Қор қаза болған күштік құрылым қызметкерлерінің отбасыларына және ауыр жараланған күштік құрылым өкілдеріне, кездейсоқ қаза тапқандардың жақындарына өтемақы берілетінін жариялаған. Бұған дейін Қаңтарда қаза болғандардың кейбірінің туысы билік «жазықтан-жазықсыз жақындарына ауыр айыптар таққанын» алға тартып, оларды ақтауды талап еткен.

Апта талқысында: