«10-сыныпта оқитын А. есімді оқушы 11-сыныпта оқитын баладан қорлық көріп, өз-өзіне қол салмақ болған. Ол баладан үнемі ақша сұрап ұрып-соққан, балағат сөздер айтып, аудиожазбалар жіберген. Ең маңыздысы, буллинг көрген оқушы бұл туралы мектеп директорына, ұстаздарға және мектеп әкімшілігіне бірнеше мәрте айтып, көмек сұраған. Алайда мектеп тарапынан ешқандай шара қолданылмаған», - деп жазады Ақмарал Басирова.Оның айтуынша, буллингтен әбден шаршаған А. есімді оқушы 8 қараша күні өз-өзіне қол салмақ болған.
«Егер оның ағасы үйде болмағанда, баладан айырылып қалар едік», - дейді Ақмарал Басирова.«Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «1001 түн» бағдарламасының тікелей эфирінде сұхбат берген баланың анасы Нұрия Орынбаева қоғам белсендісінің сөзін растап, ұлы шынымен қорада асылып өлмекші болғанын айтып берді.
«Балам тарих сабағына кешіп барған екен (8 қараша күні – ред.) Буллинг жасаған бала мектептің жанына күтіп тұрады да, баламнан 600 теңге талап етеді. Балам ол ақшаны тауып, апарып берген. Тарих пәнінің мұғалімі оқушының кешіккенін сынып жетекшісіне айтқан, сынып жетекшісі баламды шақырып алып, сабаққа неге кешіккенін сұраған. Сонда балам «Апай, бір шара қолданбасаңыз, Ә. есімді бала күнде ақша сұрап, бермесем, қатты тиісіп жатыр» деген. «Мен мектептің президентімін, мен ол ақшаны басқа балалардан жинап апарып бере алмаймын» деген. Ал бізден, яғни, ата-анасынан артық ақша сұрай алмаған», - дейді жағдайды бастан-аяқ баяндап берген Нұрия Орынбаева.Оқушы мектептегі осы әңгімелерден кейін үйіне келіп, бүк түсіп жатып қалған. Үйдегі әжесі мен екінші курста оқитын туған ағасының тамаққа шақырған сөзіне аса құлақ аса қоймаған.
«Үлкен баламның айтуынша, кіші ұлым мектептен келе сала түскі асын ішпестен, екі бүктеліп жатып қалған. Кенет жатқан жерінен ұшып түрегеліп, дәретханаға барамын деген. Дәретхана үйдің ішінде болса да, ұлым далаға шығып кеткен. Оны көрген ағасы артынан барса, балам қолына телефонының жарығын ұстап алып, қараңғы қораның төбесіне жіп байлап жатыр екен. Ағасы болмағанда, ұлым өз-өзіне қол жұмсайтын еді», - дейді ашынған ана.Енді Нұрия Орынбаева осы оқиғаға қоғамның назарын аудартып, белсенді Ақмарал Басировамен бірге осы оқушылар білім алатын мектепке қатысты шара қабылдану үшін бар күшімізді саламыз дейді. Ал Оқу-ағарту министрлігі Бала құқығы жөніндегі комитеттің басқарма басшысы Ержан Жиренбай қазір балалар білім алатын мектепке комиссия барып, тексеру жүргізетінін хабарлады.
Taulik.kz