5 айлық нәрестесімен бірге такси жүргізген жалғызбасты анаға желтоқсан айында пәтер сыйға беріледі, деп хабарлайды Taulik.kz.
«Біз біргеміз» қоғамдық қорының басшысы Перизат Қайрат
Tengri Lifestyle редакциясына берген сұхбатында астаналық әйел туралы роликті көргеннен кейін құрылыс компанияларымен байланысқанын айтты.
«Біз Ақтөбеден келген меценат Мөлдір Сүйіншалимен хабарластық. Ол Астана қаласында жеке үйлердің құрылысымен айналысады. Бір ай бұрын меценат қорға жаңа тұрғын үй кешенінде орналасқан пәтерді өткізді. Мен әлеуметтік желілердегі Әселдің видеосын көріп, Мөлдірге хабарластым. Пәтерді Әселге сыйға беруді ұсындым. Ол келісті мен бірден Әселге бардым», – дейді Перизат Қайрат.
Пәтер Әселге желтоқсан айында ресми түрде беріледі.
«Әлі де сене аймай жүрмін. Балалармен далада қалған кездерім де болды. Күндіз пәтер іздейтінмін. Бірақ бөбектерім болғаннан кейін ешкім маған үйін жалға бергісі келмейтін. Алғысым шексіз», – деді Әсел.