Кейінгі екі айда Украина әскері азат еткен Харьков, Донецк және Херсон облыстарынан 700-ден астам адамның денесі табылған, деп хабарлайды Taulik.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Бас прокурордың сөзінше, өлтірілгендердің 90 пайыздан астамы Украинаның бейбіт адамдары. Ресей әскері Украин азаматтарын қамап, азаптайтын 20-дан астам орын табылған. Көпшілігі Харьков облысынан шыққан. Бұл аймақ Херсон облысынан бұрын азат етілген, Херсон облысында зерттеу енді ғана басталып жатыр. Костин адамдардың неден өлгенін нақтылаған жоқ.
Кейінгі мәліметтерге қарағанда, Украинада Ресей әскерінің соғыс қылмыстары жөнінде 45 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Әзірге тұтқынға түскен 12 әскери қызметкер ғана сотқа жеткізілген.
Украина бас прокуратрасының мәліметіне қарағанда, биыл ақпанда Ресей басқыншылығы басталғалы Украинада 8300 бейбіт адам, 437 сәби өлген. Әзірге Ресей бақылауында тұрған жерде құрбан болғандардың есебін шығару мүмкін емес. Адамдардың басым бөлігі Ресейдің ракетамен алыстан атқылауынан өлген.
Taulik.kz