«Салематсыздар ма, құрметті әріптестер! Білім лэнд платформасы бойынша мектептердің барлығына хат жолдаған едік. Сол бойынша жұмыс істеп, толық онлайн мектептің журналына көшеміз. Бүгіннен бастап мұғалімдеріңіз, мамандарыңыз платформаға кіріп, толтыру жолын көріп, нұсқаулықпен танысу қажет. Өйткені, статистика осы платформа бойынша жүргізілетін болады. Біз қазір Kundelik.kz статистикасын жіберіп жатқан жоқпыз, білесіздер, 2-3 апта болып қалды, тоқтатып қойдық. Күнделік жүйесіндегі бірінші тоқсандағы бағалар мен БЖБ, ТЖБ қорытындыларын әр мұғалім жүктеп алсын. Әр ұстаз, әр сынып, әр мектеп толық өз журналдарын жүктеп алуы қажет. Содан кейін, бізде үш жылдық, бес жылдық деген бар. Әр жылдың журналын выгрузка жасап алсын. Электронды түрде жүктеп, архивтеріңізде сақтап қойыңыздар. Сондықтан, білімлэнд журналына қазірден бастап көшуіміз қажет. Қолға алыңыздар»,- делінген аудиода.Түлкібас ауданының мұғалімі бізге барлық жағдайды егжей-тегжейлі баяндап берді.
«Ия, біздің ауданда, яғни Түлкібас ауданында барлық мектептерде мұғалімдерді Bilimlаnd-ке мәжбүрлеп өткізіп жатыр. Оның себебін күнделік.кз лимиті бітіп жабылуымен түсіндіруде. Бірақ бұл жалған ақпарат екен. Біз екі журналды қатар алып жүруге міндетті екенбіз. Бізге басшымыз тарапынан берілген тапсырма. Ол кісіге жоғарыдан берілген тапсырма екен. Мұның астарында бір күдік бар сияқты. Кімнің қалтасын томпайтып отырмыз, білмейміз? Екі ортада мұғалімдерді әуреге салып, зардабын көруде. Тіпті сенбі және жексенбі демалыс күндері мектепке шақыртып журналға көшесіңдер деп мәжбүрлеуде.«Білімлэндтегі» техникалық ақауларға байланысты, «Күнделік.кз» екеуін қатар жүргіземіз деп те талап қоюда. Мұғалімдерден қарсылық бар ма деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Қарсылық танытқан мені сағатыңнан қысқартамын деп қорқытып отыр. Сәрсенбі күні бөлім басшысының қабылдауына барамын.
Жалпы мұғалімдердің барлығына бұрыннан қолданып жүрген «Күнделік.кз» порталы ыңғайлы. Түсінгенім бойынша, Білімлэнд платформасында бала БЖБ, ТЖБ, үй тапсырмасы дегендерді онлайн орындай алады екен. Бұл жерде тағы бір мәселе шығып отыр. Егер бала ертеңгі күні тапсырмаларды орындамаса, пайыз төмен құлайды, тағы мұғалім кінәлі болады. Сондай-ақ, интернет өте нашар. Аудандық, ауылдық жерлерде дұрыс ұстамайды.Басшылық болашақта балалардың планшетпен оқуына байланысты жасалып жатқан дүние деп түсіндірді. Балалар сабақта «апай менің мегабайтым жоқ, апай менде мынау жоқ» деп отырады. Сынып жетекшілер мен мұғалімдерге тағы бір проблема осыдан туындайды. Аудандық мектептерің өзінде 2-3 мектепте интерактивті тақта бар. Интернет болғанымен, дұрыс істемейді. Мұғалімдер өз мегабайттарын қолдануға мәжбүр.
Екі платформаны толтырыңдар деген тапсырма берілді. Бірақ әлі күнделік.кз ғана толтырып отырмын. Екі платформаны толтырып жүрген мұғалімдер де бар. Сағатын алып қояды, тағы басқа дүниелермен қорқытып тастаған.
Басшылық барлық жағдайды мектепке жасағаннан кейін барып мұғалімдерден талап етсе болады. Ешқандай жағдайсыз талап етіп жатыр. Шағым айтсақ, өзімізді басынады»,- деді Түлкібас ауданының мұғалімі.Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов заңсыз әрекет жасамауды ескертіп, екі платформаға қатысты өз пікірін осыдан тура бір ай бұрын білдірген еді.
«Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті барша педагогтерге «Kundelik.kz» пен BilimLand.kz екі журналды бірдей толтыруға міндетті емес екенін хабарлайды.Себебі әлеуметтік желі беттеріне және департаментке де, өзімнің жекеме де осы күнделікке байланысты көптеген арыз-шағымдар келіп түсіп жатыр. Осыған байланысты пост жазуды ұйғардым. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы 2022-2023 оқу жылында «Bilim Land» ЖШС-мен «Әлеуетті мемлекеттік жекешелік әріптестікті іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға» қол қойған болатын. Бірақ BilimLand.kz цифрлық білім беру платформасында электронды журналдың толық қосылмауына байланысты талап етілмейді. Айта кетейін, облыста 957 орта білім беру ұйымы «Kundelik.kz» электрондық журналдар мен күнделіктердің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне қосылған. «Күнделік» ААЖ-де 70422 мұғалім, 496 929 оқушы, 345 446 ата-ана тіркелген.
Осы ретте педагогтерге айта кетерім, бір ғана журнал толтырасыздар. №130 бұйрықтағы талаптар сақталу керек. Егер де талаптар сақталмаған жағдайда айыппұл салынатынын ескертеміз. Сонымен қатар, мекеме басшылары мазалап жатса департаментке хабарласып, айтыңыздар. Жуырда осылай мазалаған Қазығұрт ауданындағы бір мектептің директорына ӘҚБтК-тің 409 бабы 7-3 тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалды және білім бөлімінің тарапынан мектеп директорына тәртіптік жаза қолданды»,- деді Ғалымжан мырза.Taulik.kz журналисті Кентау қалалық білім беру бөліміне хабарласты. Олар Түркістан облысы бойынша 23 мектепке Bilimland.kz платформасына тіркелу бойынша ұсыныс тасталғанын растады.
«15.11.22жылғы 27-06-08/67 хатқа сәйкес бөлімге қарасты мектептерге BilimLand платформасының электронды журналын пайдалану жөнінде ұсыныс таныстырылды»,-деді білім бөлімі.-Ұсыныс таныстырылды делік, бірақ мұғалімдерді күштеу, міндеттеу қаншалықты дұрыс? -Негізі бұл сауалды бөлімнен жоғары тұратын облыстық білім басқармасына жолдағаныңыз абзал болар еді. Себебі бөлімдер облыстан келген ресми пәрменді орындайды. Біз жеке дара заң, бұйрық, тапсырма шығаратын орган емеспіз..»,- деп сұрақтан жалтарды Кентау қалалық білім бөлімі. Барлық жинақталған ақпаратты қорыта келе, ең соңғы жауапты Bilimland.kz платформасының ресми басшылығынан сұрап білдік. Бұл көтерілген шу шындыққа жанаса ма? Расымен мұғалімдерді міндеттеу жүріп жатыр ма? Осы сұрақтар аясында компанияның негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлына сауал жолдадық. -Түркістан облысы Кентау қаласы бойынша мұғалімдер арасында шу шығып жатыр. “Кентау қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімі бөлімге қарасты 23 мектепті “BILIMLAND” цифрлық білім беру платформасына көшіру жұмыстарын Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының 15.11.2022 жылғы #27-06-08/67 хатының негізінде жүргізуде” деген ақпарат қаншалықты рас? Мұғалімдерді осы платформаға міндеттеп жатыр деген шындыққа жанаса ма? Сіздердің тараптарыңыздан нақты жауап керек еді. Мұғалімдер анық-қанығын білмей дал. - Түркістан облысының мектептері білім сапасын көтеру және оның қолжетімдігін арттыру мақсатында BilimLand цифрлы оқыту платформасына 2022 жылдан бастап мемлекеттік жекеменшік әріптестік туралы Меморандум негізінде тегін қосылған. BilimLand цифрлы оқыту платформасы 2011 жылдан бері цифрлы оқыту технологиялары мен цифрлы форматқа өткен оқыту мазмұны арқылы білім сапасы мен оның қолжетімдігін арттыру бағытында жұмыс істейді. Платформа күнтізбелік тақырыптық жоспарға сәйкес оқу бағдарламасының барлық тақырыптарын толық қамтитын (барлық сыныптар мен пәндерге арналған) еліміздің үздік ұстаздарының қатысуымен жасалған цифрлы сабақтар қорынан, сондай-ақ сабақ ұйымдастыру және өткізу сапасын арттыруға арналған технологиялық құралдардан тұрады. Ол сабақ кестесін жасақтау, күнтізбелік тақырыптық жоспар құру, БЖБ/ТЖБ жасақтау және өткізу құралдары, дайын сабақ жоспарлары мен үй жұмысын ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ баға қою және белгілеу қызметтерін және басқа да білім сапасын арттыруға арналған мүмкіндіктерді қамтиды. Аталған жүйені толыққанды пайдалану – аймақтағы білім беру сапасын қадағалауға, бағалауға және оны нақты жетілдіру амалдарын жасақтауға кең жол ашады. Осы орайда, аймақ ұстаздарына аталған жүйеге тіркеліп, оның мүмкіндіктерін белсенді пайдалану ұсынылған. - Мұғалімдерді міндеттеуі қаншалықты дұрыс? Әлде расымен, Түркістан облысының мектептері осы платформамен жұмыс істеуге міндетті ме?
- Аймақ ұстаздарына BilimLand-ке тіркеліп, оның мүмкіндіктерін белсенді пайдалану ұсынылған. Бұл білім беру сапасын қадағалауға, бағалауға және оны нақты жетілдіру амалдарын жасақтауға жол ашады. Компанияның ресми жауабы осы.Ел тізгіні болашақ жастарда. Болашақ жастарды тәрбиелейтін, білім нәрімен сусындататын мұғалім. Мұғалім мәртебесі, сыйы, құрметі барлық қызметке қарағанда ерекше болуы тиіс. Алайда, біздің елде бұл керісінше жұмыс істейді. Барлық дау-дамай мектеппен байланысты, барлық шулы мәселелер мұғаліммен байланысты. Неге? Мұғалім езгіге салуға арналған ыңғайлы адам ба?
Taulik.kz