Мәзір
29 қараша, 2022 / taulik / Жаңалықтар

Атырауда оңалдыру орталығының қызметкері аутист баланы аямай ұрған

Атырауда оңалдыру орталығының қызметкері аутист баланы аямай ұрған

Атырауда оңалдыру орталығының қызметкері аутист баланы аямай ұрған Атырауда оңалдыру орталығының қызметкері аутист баланы аямай ұрған
ашық дереккөзі
Атырауда жеке орталықтың қызметкері аутист балаға қол көтеріп, орындықтан жұлқып құлатқан видеосы әлеуметтік желіге тарады, деп хабарлайды Taulik.kz Astana TV арнасына сілтеме беріп.  Әлеуметтік желідегі видеодан кейін ғимараттағы камераның бейнежазбасын қараған ата-аналар мен орталық басшылығы тағы бірнеше келеңсіз жағдайды анықтады. Ақтау қаласының тұрғыны Екатерина Коршунова баласын осы орталыққа беру үшін Атырауға арнайы келген. Үш жастағы ұлын дәрігердің кеңесімен кешенді емдеу-сауықтыру орталықтарына апарып жүр. Жақында орталықтағы бір қызметкер ұлының денесі көгергенін айтып, әлеуметтік желіде бөлісті, Мұны естіген ана бірден бақылау бейнежазбаны көруге барды.
“Егер орталықтағы бірге істейтін қызметкердің баласының денесін көгертіп қойса, менің балама не істеді деген ой келді. Осында тек соңғы бір айдың ғана видеосын көре алдым. Тамыз, қыркүйек, қазандағы бейне бақылау жазбаларын көре алмадым, өшіп қалған. Сондықтан ол мезгілде не істегенін білмеймін. Бізге апта соңында есеп ретінде видео жіберіп тұрады. Соның бірінде менің балам жылап тұрған. Көзінде қорқыныш болды. Мен сұраған кезде “балаңыз жұмыс істегісі келмеді” деген соң мән бермедім. Балам сөйлей алмайды, ыммен де түсіндіре алмайды. Орталық басшысы дәл осы қызметкер басқа орталықта жұмыс істеп жүрген кезде өзінің аутизм диагнозы қойылған баласын апарғанын айты. Сондықтан мұндай оқыс әрекет күтпедім, – дейді ата-ана Екатерина Коршунова.
Бұл дамыту орталығы былтыр ғана ашылған. Бейнежазбадағы АВА терапиясы маманы биыл тамыз айында жұмысқа тұрыпты. Бейнежазбада анықталған бойда Коршунова бірден полицияға арызданған.
“Бұған дейін оның бала ұрғанын көрген жоқпыз. Жұмысқа кірерде сотталмағандығы жөнінде, психдиспансерден анықтамалар алып келді. Бір адамның әрекеті үшін орталықтың жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бұған дейін бір де бір ата-ана шағымданбаған. Өзім аутист баланың анасы болғандықтан, болашақта ондай жағдайдың қайталанғанын қаламаймын. Ата-аналардан кешірім сұраймын. Бір айлық жазбаны қарай отырып, үш жағдайды анықтадық”, – деді дамыту орталығының басшысы Жанар Садықова
25 жастағы АВА терапевт маманның да айтары бар. Баланың денесін көгерткен мен емес дейді. Ал маман ретінде дамуында тежеуі бар балалар көнбей, қарсыласқан кезде осылай жөнге салуды алғаш қызмет еткен орталықтан үйренгенін айтты.
“Бұлай жасайтын жалғыз мен емес. Неге басшылық өзге мамандардың бейнекамерасын қарамайды? Әлеуметтік желіге салған орталық қызметкері түзетудің барлық әдістерінен хабардар. Өйткені оның баласы көнбей төбелесті. Осының бәрін өз көзімен көрді. Бұған дейін оған еш мән бермей келді. Менің ойымша, ол мені жақтырмағандықтан осылай істеді. Оның үстіне маған бала көнбей қарсылық танытып, төбелескен жағдайда, қайтарым ретінде қағып қалуға рұқсат берілді”, – деді терапевт.
Қазір оқиғаға қатысты тергеу басталды. Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, жәбірленуші балаға  қазіргі таңда сот-медициналық сараптама тағайындалды . “Қазіргі таңда тәрбиешілер, куәгерлер және де тәрбиеленуші баланың заңды өкілдерінен жауаптар алынуда. Сондай- ақ ҚК 140- бабы ”Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау” бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Аймақта мұндай жеке орталықтардың жұмысы ешбір мемлекеттік органмен қадағаланбайтыны белгілі болды. Білім басқармасы да, денсаулық сақтау басқармасы да тежеуі бар балаларды дамытуға арналған жеке балабақшаның жұмысына араласпайды екен.

Taulik.kz

Апта талқысында: