Ресейдің Екатеринбург қаласында «Z» деген белгісі бар көліктерге от қою үрдісі болып жатыр, деп хабарлайды Taulik.kz Халық үніне сілтеме жасап.
Екатеринбург полициясы осыған байланысты «бандерашылар рухындағы» қаскөйлерді күндіз қолдарына шам алып, іздеуге кірісіп кетті. Мұны Свердлов облыстық ішкі істер министрлігіне қарасты қалалық басқарма растап отыр.
«Екатеринбургте осындай жабайы әрекеттер тіркеліп жатыр. Мұндай оқиғалардың бірқатары жақында қаладағы Чкалов ауданының территориясында болды», – деп мәлімдеді ішкі істер министрлігі қалалық басқармасының ресми өкілі полковник Валерий Горелых.
Оның айтуынша, министрлік қазір түнгі от жағушылардың кімдер екендерін анықтау жұмысын жүргізіп келеді.
«Із кесушілер бейнебақылау камералары түсірген суреттерді тексеріп, шағын аудандар тұрғындарынан сауалдама алып жүр. Сондай-ақ жариялауға жатпайтын басқа да жедел шараларды қолға алды», – деп атап өтті Горелых.
28 қараша күні журналист Александр Невзоров өзінің телеграм-арнасында Екатеринбургте «Z» деген әрпі бар автомобильдерді өртеп жүргендер түсірілген видео жариялады. Онда белгісіз біреулердің машиналарға «Молотов коктейлін» лақтырып жүргендері немесе қолдап жағып жатқандары көрінеді. Невзоров бұлардың кімдер екенін өзі де білмейтінін, тек арнайы жіберілген видеоны таратып отырғанын айтты.
Бұдан бұрын Екатеринбургте «Z» және «V» деген символдары бар қызыл бояулы машинаға бензин құйып жүрген жергілікті тұрғын ұсталған болатын. Ол өзінің бұл әрекетін пацифистік көзқарас деп бағалады. Оған «армияны күстаналау» деген бап бойынша айып тағылып, айыппұл салынды. Ал қазан айының басында «Уралмаш» шағын ауданындағы аулалардың бірінді белгісіз бір адам «Z» деген белгі салынған машинаны балтамен шауып кеткен екен.