Несиесін төлей алмайтындарға қатысты заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Taulik.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Оны әзірлеген Қаржы министрлігі жағымды және жағымсыз тұстарына тоқталды. Өкінішке орай кейбір санаттағы азаматтар несие амнистиясына іліге алмайды.
Үлкен дискуссияға салынған банкроттық туралы заң жобасы жыл соңына қарай әзір болды. Қаржы министрлігі дайындаған құжаттың талаптары бастапқы ережеден өзгеше болып шықты.
Сонымен борышкерлер қарыздан үш түрлі әдіс арқылы құтыла алады. Әуелгісі соттан тыс, сотпен және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бастапқы екеуі түсінікті. Соңғысына тоқталайық. Осы процедураны енгізу арқылы министрлік кредиторларға жеңілдік жасамақшы. Яғни азаматтар қарыздарын кейінге қалдырып немесе бөліп төлеу мүмкіндігіне ие бола алады. Бұл «банкрот» деген мәртебеден құтқарады. Сәйкесінше шектеулерге ұрынбайды.
Бастапқы екі ережемен қарызы кешірілген азаматтарға 5 жылға дейін кредит берілмейді. 3 жыл бойы жүріп тұру қиындайды.
«Соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталымен байланысты болады. Барлық азаматтардың сайт арқылы арыз беруі негізінде мәлімет алынады. Содан кейін керекті мемлекеттік органдар сараптама жүргізеді, қорытындысын дайындап, Кірістер комитетіне жолданады. Соңғы шешім қабылдайтын Мемлекеттік кірістер комитеті болады. Барлық мемлекеттік органдардан ақпарат алғаннан кейін ол қорытынды шешім қабылдайды», - деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов.
Қорытынды шешім шығаруға алты ай уақыт қажет. Сол аралықта азаматтың жағдайы тексеріледі. Кірісі жоқ, табысы 36 мың теңгеден аспайтын, мүлкі тіркелмеген борышкерлердің мәселесі сотсыз қаралады. Егер қарыз 5 млн-нан асса, сот арқылы рәсімдеу керек.
«Ол үшін азамат сотқа арызданады. Бұл рәсім кезінде борышкердің мүлкі аукцион арқылы сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарызды өтеуге жұмсалады. Қазіргі таңда мұндай рәсім заңды тұлғалар үшін көзделген. Біз осы механизмді жеке тұлғаларға да таратуды жөн көрдік», - деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов.
Бұл заң бойынша берешегі мүлде кешірілмейтіндері де бар. Бұлар алимент төлейтіндер және cот шешімімен келтірілген шығынды өтеуге міндеттелгендер.
Айта кетейік, заң жобасы қазір мәжіліс қарауында.