Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк 1 желтоқсанда соғыс басталғалы 13 мыңдай украиналық әскери қаза тапқанын айтты, деп хабарлайды Taulik.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.
«Бас штабтан алған алдын ала ақпарат қолымызда бар. Шамамен 10 мыңнан 13 мыңға дейін әскериіміз қаза тапты», – деді Подоляк.
Ол «уақыты келгенде» президент Зеленский ресми статистиканы жариялайтынын айтты. Подоляктың сөзіне Украина қарулы күштерінің бас штабы реакция білдірген жоқ.
Маусым айында Зеленский «күніне 60-100 әскериіміз қаза тауып, 500 әскериіміз жараланып жатыр» деген.
Ал Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу «соғыс басталғалы 5937 ресейлік әскери қаза болғанын» айтқан. Бірақ ВВС сайтының Орыс қызметі соғыста бүдан да көп ресейлік әскери қаза тапқанын анықтаған еді.
Екі тараптың деректерін тәуелсіз дереккөздерден тексеру мүмкін емес. Сарапшылар екі ел де әскерилерінің рухын түсіріп алмас үшін адам шығындарын төмендетіп көрсететінін айтады.
АҚШ генералы Марк Милил өткен айдағы мәлімдемесінде «соғыс басталғаны Ресей 100 мың, Украина 100 мың әскериінен айырылды» деген. АҚШ өкілі бұл дерекке қаза тапқандарды да, жараланғандарды да қосқан.